Дін ұстай алсаң қасиетің…

Дін ұстай алсаң қасиетің…
Бүгін аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Талғар медицина колледжінің  жиынжайында студент жастар арасында «Теріс ағымдардың қауіпінен сақтана біл!» деген тақырыпта кездесу болып өтті.  Аталмыш  іс-шараға  республикалық ақпарттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы  Чингужанов Рауан Жұмабайұлы, Алматы облысының дін істері басқармасы «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» бөлім басшысы Ерлан Матаев , қоғамдық, діни бірлестіктер арасында байланыс және аймақтық жұмыстарды ұымдастыру бойынша Талғар ауданының  инспекторы Қуаныш Бекетұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гаухар Сәлімбаева қатысып, түсіндіру жұмысын жүргізді.
Алдымен жиналғандар назарына радикалды, диструктивтік діни ағымдардың адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігіне тигізетін қауіп-қатері жайында «Арбау» бейнефильмі ұсынылды. Алғашқы болып мінберге шыққан Ерлан Матаев жастарға білім мен рухани қажеттіліктің маңыздылығын түсіндіре келе,білімсіз дінге келудің қауіпі зор екенін алға тартты. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, діни сауаты таяз жастарды тұзаққа түсіруді мақсат еткен теріс ағымдардың  айла-әрекеттері сан алуан болатындығы да айтылды. Әсіресе, ғаламтор арқылы желдей ескен діни ақпараттардың қайсысы дұрыс, ал қайсысы бұрыс екенін бірден аңғару қиын. Сол себепті, діни сауалдарға жауап іздегенде мешіт имамдарына, сонымен қатар елімізде ресми түрде рұқсат етілген сайттарға жүгінуге болатынын ескертті. Осыдан соң сөз алған республикалық ақпарттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы  Рауан Жұмабайұлы «дін ұстай алсаң қасиетің, ал ұстай алмасаң қасіретің» деген қағиданы дәйекті мысалдар арқылы түсіндіріп, жастарды бірден баурап алды. Адам жаратылысы тән мен рухтан тұратындығы, физиологиялық тұрғыда  денсаулықты сақтау үшін дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, таза ауа қандай қажет болса,  рух адам бойындағы сенімге, яғни иманға  негізделгенін жеткізді. Білім, сезім, күш-қуат сынды қасиеттердің рухты күшейтуге қалай ықпал ететінін айта келе, рухани құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, өз эмоцияларын, көңіл-күйлерін бақылай білуге уағыздады.  Өз сөзінде ол экстремистік діни ұйымдардың пайда болу себебіне тоқталып,  одан сақтану жолдарын да түсіндіріп берді.   Халқымыздың дәстүрі  ислам дінінен, салты сүннеттен бастау алатынын алға тарта отырып,  ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүрден қол үзген жандардың арасында   теріс ағымдардың құрығына ілініп, опық жегендер көбірек кездесетінін өмір тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.  Кездесу барысында жастар дін өкілдеріне бірқатар сауалдар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Мәні кең кездесуді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Жандос Самбетбаев  қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Райхан Азимова.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!