Жаңа әкім қызметіне кірісті

Жаңа әкім қызметіне кірісті

Апта ортасында аудандық мәслихат депутаттары Қайнар ауылдық округінің әкімін сайлады. Сайлауға үміткерлердің байқаушылары, БАҚ өкілдері қатысты. Әкімдік лауазымға үш үміткер – Даурен Байтурбаев, Қияқбай Төртбаев, Нұрболат Манапбаев тіркеліп, газет бетінде сайлауалды бағдарламасын жариялап, мақсат-міндеттерімен халықты таныстырған болатын. Ел басқару ісіне лайық деп алынған үш кандидаттың қай-қайсысы да күнгейі мен көлеңкесі де күрделі округтің тыныс-тіршілігімен таныс.
№1 мектепте өткен сайлауға аудандық мәслихаттың 17 депутатының 16-сы қатысты. Олар алдын ала дайындалған жеке кабиналарда дауыс беретін кандидаттарының тұсына белгі қойып, ортадағы ашық жәшікке салып, үміткерін анықтады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы М.Дюсебаев пен сайлау комиссиясының мүшесі М.Бекбосыновтың қадағалауымен дауыс беру нәтижесі қорытындыланып, алты депутат Нұрболат Кайбилдинұлының кандидатурасын қолдап, сенім білдіріпті. Осылайша сайлау қорытындысы бойынша Н.Манапбаев Қайнар ауылдық округінің әкімі болып сайланды.

1973 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шарын ауылында дүниеге келген Н.Манапбаев Қазақ Академиялық Университетінің «құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын 1994 жылы Алматы қаласы, Москва (қазіргі Медеу) ауданында Ішкі Істер органында бастап, 2019 жылдың қаңтар айына дейін тұрақты Ішкі істер органында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Енді алған тәжірибесін ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнайтын болады. Аудан басшысы Жолан Омаров Қайнар ауылдық округіне барып, ауыл активіне жаңа басшыларын таныстырып, қызмет орнына отырғызды. Өңірдегі ірі округ саналатын Қайнардағы күрделенген мәселелерді шешуде белсенділік танытатынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Және де осы барған сапарында Жолан Ыбырайақынұлы ауыл ақсақалдарымен, белсенділерімен де кездесу ұйымдастырып, шешілуге тиіс кезек күттірмес мәселелерді бірге талқылап қайтты.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».