Бірліктегі мектеп қас батырдың атында

Бірліктегі мектеп қас батырдың атында

Талғар шыңының баурайында орналасқан Талғар ауданы – батыр Бауыржан Момышұлы туралы құнды естеліктің бір парағы жазылған мекен. Халық ішінде «Солдат сай» деп аталып кеткен жерге атақты қолбасшының табаны тиіп, тау мен тасы, суы мен нуы Баукеңнің қаһарлы қабағы мен қатулы сөздеріне куә болған.

Ал, тарқатыңқырап айтатын болсақ, 1941 жылдың шілдесінде генерал Панфиловтың басшылығымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы ұйымдастырылғанда, оның 1073-ші атқыштар полкі Талғарда жасақталады. Батыр өз батальонын Талғардағы ауыл шаруашылық техникумына (қазіргі М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі) орналастырып, тау бөктеріндегі шатқалда жауынгерлерге соғыс өнерін үйретіп, ұрыстың әдіс-тәсілдеріне машықтандырып, шыңдайды. «Талғар полкі» деген атпен тарих қойнауына еніп кеткен сол кезеңнен бері батырдың рухын ұлықтау бұл өлкеде бір толастаған емес. Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназияға батырдың атын беру салтанаты сол шаралардың бір легі еді.

Салтанатты шараға қатысып, батырдың рухына тағзым етуге Талдыбұлақ ауылдық округінің тұрғындарынан бөлек батыр атамыздың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова бастаған зиялы қауым өкілдері де келіпті. Мемлекеттік Гимнмен ашылып, кеш жүргізушісінің рухты сөздерінен кейін мектеп оқушылары батыр аталарының өмірбаянына тоқталып, Қ.Аманжоловтың «Бауыржан» өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Аз-кем патриоттық нөмірлерден кейін батырдың қайта жаңартылған бюстін аудан әкімі Жолан Омаров бастап аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, ауданның «Құрметті азаматы», «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Сапархан Исаев салтанатты түрде ашып, гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Бюст алдындағы мәңгілік алаудың оты жағылған соң жиналған көпшілік батырды бір минут үнсіздікпен еске алды. Еске алудан кейін салт-дәстүрдің шамшырағын жағып жүрген Зейнеп Ахметова бастаған алқалы топ пен мектеп ұстаздары, оқушылар ескерткішке гүл шоғын қою рәсімін жалғастырды.

Ізгі тілектің көшін бастаған Зейнеп апа: «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, біздің бастау-бұлағымыз – ата. Атаның әңгімелерін, өсиетін айтып жүретінім, әулетіне ғана емес бүкіл қазақ баласына дарысын деген ниет. Маған көрсетіліп жатқан құрметтің бәрі менің мықтылығымнан демеймін, ол – атаның арқасы», – деп кісілік төңірегіндегі тілегін балалардың тәрбиесіне арналған ұлағатты сөздерімен жалғастырды. Батырдың атындағы мектептің оқушылары жаман болмауы керектігін баса айтты. Көздерінен жалын атқан балалар жазушы айтқан сөзді жүректерімен қабылдап, өздерін сол сөзге лайықты ұстап тұрды. Бұл тілекті өңір басшысы Жолан Ыбырайақынұлы да қостады. Халықтың мүддесін қорғаған қаһарманға мектеп атының берілуі аудан ғана емес еліміз бойынша маңызды шаралардың бірі екендігін жеткізді. Және де 2005 жылы қолданысқа берілген мектептің бүгінгі келбетіне көңілі толмай тұрғанын білдіріп, келесі жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін мектептердің тізіміне енетінін айтып, тұрғындарды бір қуантып тастады. Алғашқы бестіктен түспей, ауданның білім көрсеткішінің бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізіп жүрген білім ошағының атына заты сай болуы керектігін тұрғындар да қоштап, қуана қол соқты. Ұйымдастырушылар тарапынан Зейнеп апайға ақ жаулық пен шапан сыйға тартылуы қуаныштың үстіне қуаныш қоса түсті. Зейнеп апай болса көмекшісі Айгүл Болатханқызымен бірге мектеп қорына құнды кітаптарды тарту етті.

Шараның кезегі марапаттау рәсіміне де келіп жетіп, Іле ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркін Сайлауханұлы осы бастаманың жүзеге асуына ұйытқы болған облыстық мәслихат депутаты Данияр Нұрбаевқа, ауданның түйткілді мәселелерінің түйінін шешуге атсалысып жүретін Сапархан Исаевқа, аталмыш мектеп директоры Айтжамал Нұрбатыроваға «Батыр шапағаты» төсбелгісін тақты. Сөз алған Сапархан Әшенұлы алғысын білдіріп, бір күнде емес мың күнде біткен істің қайырлы болуын тіледі. Кеш шырайын мектеп оқушылары Бейбарыс Қадірдің, Айерке Дәулетханның орындауындағы әсем әндер аша түсті.
Шараны қорытындылаған №35 мектеп-директоры Айтжамал Әбдірешқызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан ауқымды істің сәтті аяқталғанына қуанышты екендігін жеткізді.
– Қайсарлықтың, батырлықтың қасиетті тұлғасын біздің оқушылар құрметтей біледі, қастерлей де алады. Сондай үлкен қуанышқа жеткізуге қол ұшын созған жомарт жүректі кәсіпкер Д.Нұрбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы және ел ағасы С.Исаев ағамыздан бастап барша тұрғындарға алғысымды білдіремін. Рухы асқақ, ұстанымы ұлттық, жаны жақсылықты қалайтын осындай азаматтар Қазақстан деген елдің туын жықпай, қазақты жаһандануға жұтылудан сақтайтыны хақ. Өскелең ұрпақтың бойына асқақ рух дарытатын осындай игі істер бар кезде ел еңсесі төмендемейді, – деп сөзін толқыныспен аяқтаған мектеп басшысының сөзі үлкен-кішіні тебірентпей қоймады.

P.S. Биылғы оқу жылын 921 баламен бастап отырған білім ошағындағы әрбір ұстаз өз міндетін мінсіз атқарып, әр оқушысы білімге деген таудай талаппен асығады. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – атадан балаға сабақтасып келе жатқан сара жолдан ауытқымау екендігін қай қайсы да сезінеді. Рухани жаңғыру осы болса керек!

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».