Бүгін ертеңгісін аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы жауапты сала басшыларымен бірге Талғар қаласындағы көпқабатты үйлердің алдағы қысқа дайындығын назарға алып, жылыту маусымына дайындығын тексеріп қайтты, –деп хабарлайды Талғар-ақпарат.
Тексеру барысында Абай мен Бокин көшелері мен «Автобаза» ықшам аудандарындағы көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу үшін жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты. Мердігер компания өкілдерімен кездескен аудан әкімі жүрігізіліп жатқан жұмыстың жоспарланған мерзімде аяқталуын әрі жұмыстың сапалы жүргізілуін қадап тапсырды. Жөндеу жұмыстарын көзімен көрген жаңа басшы кейбір нысандардағы жұмыс қарқынына көңілі толмай, жауапты басшыларды сынға алды. Әрі бірқатар ескертпелер жасады.
Жоспар бойынша ағымдағы жылы қаламыздағы 106 көпқабатты үй көгілдір отынға қосылып, орталықтандырылған жылыту жүйесі арқылы жылытылады деп жоспарланған болатын. Бұл мақсатқа мемлекет бюджетінен 15 блок-модульді қазандықтар ортантуға қомақты қаржы қарастырылған-ды. Сол қаражаттың тиімді жұмсалып, ел игілігіне жарауы аудан басшысының назарында болатын болды.
Естеріңізге сала кетсек бұдан бұрын аудан басшысы кешқұрым қала көшелерін аралап, көшелердің жарықтандырылуын қадағалап қайтқан болатын. Осы мәселеге жауапты әкім орынбасары мен бөлім басшыларын қасына ерте жүрген Жолан Ыбырайақынұлы қаламыздың орталық көшелері мен басқа данегізгі көшелерді аралады. Баршамыз білетіндей қаламыздың Қонаев, Рысқұлов, Бокин, Бекбаев-Крутенко сынды ұзын саны он екі көшесі жарықтандырылған. Екі жүз мыңға жуық халық шоғырланған аудан айнасы саналатын Талғар қаласының аумағы да кең екенін ескерсек, түнгі уақытта көптеген көшелердің қара түнекте қалатыны көңілге кірбің ұялатады. Яғни, қаламыздағы 295 көшенің тек 12-сі ғана көше шамдарымен жабдықталған болып шықты. Бұған көңілі толмаған аудан басшысы қаламызды «қараңғы қала» деп атап, Алматыдай ірі мегаполюске іргелес орналасқан қала көшелерінің жарықтандыру мәселесі еш сын көтермейтінін сын тезіне алып, жауапты сала басшыларының жұмыстағы салғырттығына ренішін білдірді. Қала орталығындағы тарихи тұлғалардың атымен аталатын Абай, Абылай хан, Гагарин көшелерінің өзінде көше шамдары жарығының әр жерден бір сығалап тұрғаны да аудан әкімінің ашуын келтірді. Қаламызды жарықтандыру мәселесіндегі олқылықтарды тізбектеген Жолан Ыбырайақынұлы орынбасарлары мен бөлім басшыларына орын алған кемшіліктерді түзеуді тапсырды. Бұл күнгі тексеру барысында мемлекеттік мекеме ғимараттарының да сырт келбеттеріне, маңдайшаларына ілінген мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібіне назар салды. Ережеге сай орналастырылып және түңгі уақытта жарықтандырылуын тексерді. Бұл тексеру барысында да бірқатар мекемелер кемшіліктерімен көзге түсті. Рәміздерді талапқа сай орналастырмай, әрі түңгі жарықпен, жабдықтамаған мекеме басшыларына ескерту беріп, орындалмаған жағдайда айыппұл да салынатыны айтылды.
Аудан әкімі қаланы аралау барысында қала тұрғындарымен кездесіп, талғарлықтарды толғандырған басқа да мәселелерге құлақ түрді. Аудан басшысын кешқұрым көшеден көреміз деп ойламаған қала тұрғындары өз таңданыстарын жасыра алмай, жаңа басшының жұмыс істеудегі жігерлі тәсілін қолдап жатты. Қашанда халықпен санасып, ел тілегін ескерген лауазым иесіне ел-жұрт ризашылығын білдіріп, үміт артты.