Тілім менің тірлігімнің айғағы…

Тілім менің тірлігімнің айғағы…
«Ұлттың қуаты тілінде» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың  болашағы құрдымға кететіні ащы ақиқат.  «Ұлт анасы –тіл», деп тегін айтылмаған.   Сондықтан, сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел атанған Қазақстан мемлекетінің  нышаны — ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру  әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті болып табылады.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысының негізінде айтулы мерекелердің арасында Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды. Бұған   дейін  Тілдер  мерекесі  22 қыркүйекте аталып  келген. Тіл мерекесінің осы күнге белгіленуінде терең мән бар. Бұл күн – «Тілі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп ұлағатты сөз қалдырып, қазақ халқының  азаттығы үшін күрескен   Алаш арысы, Ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.  Тіл мерекесінің     қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, халқымыздың біртуар перзенті  А.Байтұрсынұлының  туған күнімен орайласуы ұлы тұлғаның ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлік қызметіне көрсетілген зор құрмет пен рухы алдындағы тағзым деп түсінеміз. Биыл да айтулы мереке аясында, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, этнос тілдерінің дамуына ықпал ететін онкүндік жоспары жасалынып, мәнді де мағыналы  іс-шаралар кеңінен  ұйымдастырылғаны белгілі.
   Өткен аптада   «Қазақстан халықтарының тілдері күні» мерекесіне орай  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен Талғар қаласында орын тепкен  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы  №7 жалпы білім беретін  лицей орта мектебінің акті залында қорытынды  мерекелік  жиын болып өтті.  Айта кету керек, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде алдыңғы қатардан көрініп  келе жатқан аталмыш  білім ошағына Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының  есімін беру ҚР Үкіметінің 29 мамыр 2019  жылғы № 330 қаулысымен бекітілген болатын. Бұл жаңалық мектеп үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе.   Сондықтан да атаулы жиынның дәл осы білім шаңырағында  өткізілуі, жақсылықтың нышаны, әрине.
Мерекелік шараға  ауданның тіл жанашырлары,Талғар қаласы мен ауылдық округ  әкімшіліктердің  мамандары, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудандық «Қазақ тілі» қоғамы,  аудандық кітапхана қызметкерлері , оқушы жастар көптеп қатысты. Мерекелік шара әуелете шырқалған Әнұранмен басталды. Алғашқы болып  сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева  жиналғандарды  мерекемен  құттықтай келе, халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы, ұлы мұрасы – туған тілімізді қадірлеп- қастерлеу  әрбір саналы азаматтың асыл парызы әрі басты міндеті екенін жеткізді. Өз сөзінде ол «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында аудан көлемінде   жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Ауданда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған іс-шараларды өткізу дәстүрлі жолға қойылғаны, сонымен қатар аудандық, облыстық деңгейде өткізілген байқауларға ауыл округтері мен мекемелер белсенді түрде қатысып, абырой биігінен көрініп жүргені айтылды. «Жүзден жүйрік шыққандар» атап өтілді: аудандық байқаудың жеңімпазы Талғар қалалық әкімшілігінің бас маманы Эльмира Ерниязова  24 мамыр күні өткен «Тіл шебері – 2019» жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық конкурста бас жүлдені жеңіп алды; ағымдағы жылдың 14 маусымда  аудандық кітапханада өткізілген  «Текті сөздің төресі – терме» атты  аудандық жыршы-термешілер байқауында бас жүлдені иеленген   Талғар қаласы музыка мектебінің ұстазы Ермек Рахымбайұлы  облыстық байқауға қатысып, онда І-орынға көтерілді; 2019 жылдың 5 қыркүйек күні облыстық  Достық үйі қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен өткен «Көркем ой. Көркем сөз. Көркем тіл» атты байқауда Тұздыбастау ауылы № 31 орта мектептің 10 сынып оқушысы Гунчам Арсланкызы ІІ-Дәрежелі дипломның  иегері атанған. «Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі тарапынан ұйымдастырылған 2019 жылдың маусым – тамыз айы аралығындағы «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясының аясында Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімінің жетекшілік етуімен ауқымды жұмыстар  атқарылғаны белгілі.  Қазіргі таңда идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер – су атауларына алмастыру жұмыстары қолға алынып, оларға атау беруде Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері басшылыққа алынып жатқаны, осыған орай Бесағаш ,Панфилов, Тұздыбастау, Кеңдала, Белбұлақ , Қайнар, Гүлдала,Алатау ауылдық округтерінде  жалпы саны – 359 көше және Панфилов ауылдық округіне қарасты Қызыл Ту-4 ауылының атын «Жібек жолы» ауылы деп атау туралы аудан әкімінің ұсынысы облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралуға жіберілгені айтылды. Осылайша,атқарылған жұмыстар жайына жан-жақты  тоқталған  Фарида Мамырбекқызы  «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін,  Қазақстан Президенті  Қ.Тоқаевтың жуырда халыққа арнаған Жолдауындағы  «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»- деген сөзін қолдай  отырып, қазақ тілі-мемлекеттік тіл ретінде кеңбайтақ даламызды мекен еткен  қазақ халқы мен  өзге де этнос өкілдерін  ұйыстырушы, біріктіруші фактор екенін  алға тартты. «Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, тілдің тұғыры – ұлттың ғұмыры. Сондықтан, тілімізге деген құрмет пен ұлтымызға деген сүйіспеншілікті өзімізден бастап қана қоймай, өзге этнос өкілдерінің де мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру қажет» деген өрелі ойын жеткізді. Осыдан соң, тіл саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысқан Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының, аудандық кітапхананың, аудандық орталық аурухананың, аудандық сот және аудандық «Талғар» газетінің ұжымдарын  «Алғыс хат» және ескерткіш сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар «Тіл тазалығын  сақтайық!» акциясына белсене атсалысқан облыстық  «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының әдіскер-оқытушысы    Гүлнәр Мамырбекова, Белбұлақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Фариза Мамырхан, Талғар қаласы әкімшілігінің бас маманы Жанар Ордабаева, Нұра ауылдық округі  әкімшілігінің бас маманы Айнұр Якупова, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Әуелбек   Иманғали  бөлім басшысының қолынан  «Алғыс хат» пен сыйлықтар алды. Еселі еңбектің еленгені қандай жақсы!  Жақында, дәлірек айтсақ,  5 қыркүйек күні   Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы қосқан үлесі үшін Талғар ауданы әкімінің орынбасары Д.Қыдырбек-ұлы   облыс әкімінің “Құрмет” грамотасына ие болса,  «Тіл тазалығын сақтайық!” атты акциясын жүзеге асыру барысында Талғар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жүйелі жұмысы жоғары бағаланып облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталуы   еселі  еңбектің  айғағы деп түсінеміз.
Келесі кезекте мінберге көтерілген А.Байтұрсынұлы атындағы № 7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінің директоры Такура Агильская   жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтай келе,  Алаш ардақтысы, ағартушы-ғалым, түркітанушы, аудармашы, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмірі мен ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлік қызметі  жайында  сыр шертті. Сталиндік режимнің құрбаны болған ұлт перзентінің  есімін иелену білім шаңырағы үшін, онда еңбек ететін ұстаздар мен шәкірттер үшін  үлкен абырой әрі зор жауапкершілік екенін, сонымен қатар биылғы оқу жылында  А.Байтұрсынұлының  өмірі мен еңбегін оқып-білу тәрбие жұмысының негізгі бағыты болатынын  жеткізді.  Артынан мектеп оқушылары Алаш арысының өмірдерегімен таныстырып, өлеңдерін оқып, күй төгілтті. Қарабұлақ ауылындағы № 22 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сыныбының ұстазы  Валентина Воробьева,  сондай-ақ Тұздыбастау ауылындағы № 31 жалпы білім беретін орта мектептің 10 сынып оқушысы Гунчам Арсланкызы  мемлекеттік тіл-қазақ тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, өз пікірлерін ортаға салды. Мерекелік жиынның қорытынды бөлімі  аудандық Мәдениет үйінің әнші, жыршы-термешілерінің  және мектептің өнерлі жастарының әуелете салған әсем ән,  жалынды жырларына ұласты.  Бұл күнгі ұйымдастырылған іс-шара өзінің  терең мазмұнымен есте қаларлықтай болды.
Райхан Азимова.

ТАЛҒАР-АҚПАРАТ

TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!