Осы аптада, 5 қыркүйек күні Талғар ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын талқылауға арналған аудандық актив жиналысы болып өтті. Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Дәрменияр Қыдырбек-ұлы ашып, жүргізіп отырды. Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға аудан әкімінің орынбасарлары, Талғар қаласы, ауылдық округ әкімдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның күн тәртібі таныстырылып, регламенті бекітілген соң, алғашқы болып сөз алған жиын төрағасы Дәрменияр Алғатбек-ұлы жаңа Жолдауда айқындалған бес бағыттың әрқайсысына жіті тоқталып, аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен сабақтастырып өтті.
— Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында әрбір қазақстандық жеткен жетістіктерімізді сақтап, оны одан әрі нығайтуға, келешек ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыруға мүмкіндігіміздің бар екендігі тағы дәлелдеп берді. Әрине, бұған дейін де еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауларында көтерілген басты мәселелер биылғы басты құжатта да көрініс тапты. Алдағы жылдарға нақты бағдарламаларды анықтап Президент Үкіметке, Парламентке, жергілікті атқарушы мен өкілді билік органдары алдында нақты тапсырмалар қойды, -деп баяндауын бастаған ол, Жолдауды іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдармен жүргізілуі тиісті жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Қоғамдық келісімді нығайтуға және үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру үшін осы жылдың аяғына дейін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының, сонымен қатар азаматтық қоғамды дамыту және тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жобалары жасалатынын тілге тиек етті. Халықпен тиімді кері байланыс орнатудағы басты басымдықтар қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару екендігін жеткізді. Жолдауда көрсетілгендей заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын бейбіт акцияларға,жиындарға рұқсат беру мәселесі де қамтылды. Осыған орай, рұқсат ету орындары ретінде Талғар қаласындағы Жастар стадионы мен Мәдениет үйінің алды белгіленетіні жеткізілді. Баяндамада азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды іс-шаралар ауаны, әсіресе балаларға жасалатын зорлық-зомбылықпен ымырасыз күрес мәселесі басты назарда болатыны айтылды.
Осылайша Жолдауда айқындалған бес бағыт бойынша туындайтын ауқымды міндеттерді жүйелей жеткізген Д.Алғатбекұлы өз баяндауында жемқорлықпен күрес мәселесі, орта және шағын бизнесті дамыту, инвистиция тарту, баға мен тарифтерді реттеу, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларын әлеуметтік қолдау, ауылшаруашылық, білім, денсаулық салаларын, өнеркәсіпті, туризмді дамыту, бұқаралық спортты өрістету,баспана, елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері бойынша атқарылатын істердің жай-жапсарын қамтып өтті. Маңызды құжаттағы басым бағыттар аясында іске асатын жұмыстарды нақтыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелінді.