Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау жиналысы болып өтті. Аталған жиынға аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы, аудан әкімінің аппарат басшысы А.Ашимахун, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Саметова және Талғар қаласы мен ауылдық округ ақсақалдары, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты. Жиын жұмысын ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі Жұмахан Еңкебайұлы ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі қаралып отырған жалғыз мәселе – аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау екенін жеткізген Ж.Еңкебайұлы бұған дейін кеңес төрағасы міндетін атқарып келген Сайлыбай Босқымбаев ағамыздың өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, жиналғандар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бар саналы ғұмырын еліміздің өсіп-өркендеуіне бағыттаған ардақты ақсақалдың өмір жолы көпке үлгі. Еңбек жолын агроном болып бастаған ол кәсіби біліктілігі мен адами асыл қасиеттерінің арқасында колхоз-совхоз басқарып, партия-кеңес органдарында, кейінгі жылдары Талғар ауданына қарасты Қайнар, Нұра, Кеңдала ауылдық округтерінде әкім болып, абыройлы қызмет атқарған. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмысқа белсене араласты. 2011 жылы Талғар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайлануы да қадырменді қарияға деген халықтың сенімі мен зор құрметінің белгісі екені анық. Тағдырдың жазуына шара бар ма… Ағымдағы жылдың мамыр айында Сайлыбай Жантүгелұлы мәңгілікке көз жұмды. Міне, осы уақыттан бері ардагерлер кеңесінің төрағалық міндеті бос болған еді. Өз сөзін осылайша сабақтаған Ж.Еңкебайұлы кеңестің ұсынысымен, аудан әкімінің келісімі бойынша аудандық ардагер кеңесі төрағалығына Бекбосынов Матан Рахымбергенұлының кандидатурасы ұсынылып отырғанын жеткізді. «Алматы облысының» және «Талғар ауданының Құрметті азаматы», Панфилов ауылының тұрғыны Нұрсейіт Құдықов өз ойын ортаға сала отырып, Жанат Байкеновтың да кандидатурасын сайлауды ұсынды. Бірақ Жанат Зарапұлы өз уәжін алға тартып, төрағалыққа үміткерліктен бас тартатынын мәлімдеді. Сонымен жалпылай ашық дауыс беру нәтижесі бойынша Матан Бекбосынов бірауыздан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Аудан әкімінің аппарат басшысы А. Ашимахун, Қайнар ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Саудабаев жаңа төрағаны құттықтай отырып, алдағы жұмысына табыс тіледі.
Жаңадан сайланған кеңес төрағасының өмірдерегіне көз жүгіртер болсақ, ол 1950 жылы дүниеге келген. 1973 жылы Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтын бітіріп, еңбек жолын Талғар қаласындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған.1981-1987 жылдары Талғар аудандық атқару комитеті жанындағы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы, 1988-1994 жылдары Талғар аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, 1994 жылдан 2018 жылға дейін Талғар ауданы Рысқұлов ауылындағы №16 орта мектептің директоры қызметтерін атқарған. КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ ССР-інің білім үздігі. 4,5 шақырылымда аудандық мәслихат депутаты болып сайланған. Алты бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отағасы.
Өз кезегінде Матан Рахымбергенұлы мінберге көтеріліп, көрсетіліп отырған зор сенім үшін рахмет айтты. Алдағы уақытта да жауапкершілігі мол қоғамдық жұмысты абыроймен атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. «Жалғыз ағаш орман болмас…» дегендей, кеңес жұмысын жандандырып, ел игілігіне бағыттауда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Райхан Азимова,
«Талғар».