Ұлттық дәстүріміз дәріптелді

Ұлттық дәстүріміз дәріптелді

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бүгінгі әлемдік жаһандану жағдайында заман көшінің ағымына икемделіп, жаңа ғасырдың озық үлгілерін бойымызға сіңіруді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Сондай-ақ жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу деген болатын.

Ол: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды. …Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп жазды.
Осы орайда ауданымыздағы Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын игі ша­ра өтті. Рухымызды асқақтатып, әдет-ғұрып пен сақтауға қажет салтымызды насихаттау мақсатында өткізілген жиынға ауыл тұрғындары мен аудандық мәдениет саласында жүрген бірқатар азаматтар қатысты. Аталмыш шара Тұздыбастау Мә­де­ниет үйінің директоры Маргарита Исабаеваның ұйымдастыруымен өтті.
Бұл бастама негізінде бағзы бабала­рымыздан қалған қазақтың «Бесік тойының» мәні мен маңызын көрсетуді көздеген. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала омыраудан шыққанша бесікте жатады. Баланы бе­сікке бөлеу қазақ даласында үлкен тойға ұласқан. Ал бесік жырын айту – тамыры тереңде жатқан үлкен тәрбиелік мәні бар дәстүр. Осындай тәлім мен тәмсілі көп құндылықтармызды көрсету келер ұрпақ алдындағы уақыт күттірмес жауапты жұмыс екені анық. Ұйымдастырылған кеш аясында «Баланы бесікке бөлеу» дәстүрі жайында кеңінен мағлұматтар айтылып, келіндер білуі керек кеңестер берілді. 72 жасқа келген ауданымызға сыйлы Картаганова Күлсім әжей баланы бесікке бөлеудегі ескеруге тиісті салт-жоралғылардың барлығын келген қонақтардың алдында жасап көрсетті. Әжей өзінің құндақталған шөбересін ел алдына алып шығып батасын алып, бесікке салып, мәтіні мақамына сай болған бесік жырын айтып беріп келген елдің ықыласына бөленді.

Фото: Талғар газеті

Халықты танытатын бір белгі, ол – ежелден келе жатқан мәдениеті. Ал мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет ғұрпы, музыкасы, өнері кіреді. «Бесік той» үлгісінде өткен шара болған соң ән айтылып, күйде тартылып, биге де кезек берілді. Келген қонақтарға арнайы қазан көтеріліп, ақ дастархан жайылды. Кеш ауданымыздың өнерін өрге сүйреп жүрген әнші, сазгер Мұратбек Сарыбасов орындаған халық әнімен бастау алды. Кейіннен Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйі жанынан құрылған, Диана Мукашова жетекшілік ететін «Диана» би тобы қыздарының биімен жалғасқан кеш одан әрі ажарлана түсті. Ұлан Мүшіровтың жетекшілік ететін «Мұрагер» домбыра үйірмесінің жас күйшілері де аталған іс-шарадан тыс қалмай күмбірлі күйлерін ойнап берді.
«Жастар үшін тәрбиелік мәні зор осы секілді жобаларды алдағы уақытта да өткізу жоспарда бар. Өйткені, ұлттық мәдениетін берік ұстанған ел әлемнің көш бастап тұрған елдерінің қатарынан көрінері анық», – дейді Маргарита Зарқынбекқызы. Ұлы даланы жайлаған кешегі жаужүрек халықтың қалдырған құнды мұрасын көз қа­­рашығындай сақтау бүгінгі ұлағатты ұрпақтың үлесінде.

Дархан ӘУК,
«Талғар».