Туған жерге туыңды тік!

Туған  жерге  туыңды  тік!

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бүгінде халықтан кең қолдау тауып, аудан орталықтары мен ауылды жерлерде игі шаралардың өтуіне себеп болып келеді. Мақалада негізгі алты бағыт қамтылып, туған жердің тарихын білуге, туған жерге ту тігуге үндейтін өрелі ойлар айтылған. Болашаққа бағдар беретін әрі рухани жаңғыруға үндейтін бағдарламалық мақаланың маңызы күн санап артып, жалпы ел үшін, жер үшін негізгі темірқазыққа айналуда.

Ұлт көшбасшысы аталмыш мақаласында «Туған жер» бағ­дарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткен еді. «Туған жерге туыңды тік!» – деген халық даналығының астарын айқындап берген еді. Бұл сөз – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни кез келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні де – осында.
Күні кеше аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жерге туыңды тік» атты тақырыпта игі шара өткен болатын. Бұл жолы аудан жастары Маралсай шатқалына саяхат жасады. Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанына деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, азаматтыққа және патриоттыққа тәрбиелеу, рухани-мәдени мұраларды сақтауда және танып білуде жастардың қызығушылығын арттыру. Алатау ауылдық округінің тарихы және Маралсай шатқалымен таныстыру болатын. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшыларымен бірге ұйымдастырылған шара барысында аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Мөлдір Абатайқызы ауданымыздың көрікті жерлері мен киелі жерлері туралы сөз қозғап, шатқалдың «Маралсай» деп аталуының себебін әңгімелеп берді. Сонымен қатар жастарға таудағы қауіпсіздік туралы айтып өтті. Жастар тұмса табиғатты тамашалап, әр түрлі спорттық ойындар ойнап, уақыттарын қызықты өткізіп қайтты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».