Жуырда Алматы облысы әкімінің өкімімен облыс әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалған Манзоров Бағдат Сайланбайұлы Талғар ауданына іссапарымен келіп бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап шықты. Облыс орталығынан арнайы келген лауазым иесін аудан әкімі Рыскелді Сатбаев бастап жүрді.
Жұмысшы топ алдымен Панфилов ауылдық округінде орын тепкен «Баймене» ЖШС-нің жұмысын көрді. Тамшылатып суару жүйесін пайдалана отырып қарқынды бақ өсірумен айналысатын аталмыш кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырған ЖШС-нің басшысы Максим Коваленко өзіндік капиталл есебінен 520 млн. теңгені құрайтын жобаның тиімділігін тарқатып берді. Серіктестіктің жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 85 га. 2017 жылдың маусым айында 38,65 га. жерге Израиль мемлекетінен әкелінген тамшылатып суару жүйесін іске қосып, бүгінде 40 гектар алқапқа қарқынды алма бағы егілген. Алманың Италия және Голандиялық «Джанатон», «Голден Делишес», «Гала», «Фуджи» сорттары отырғызылып, арнайы күтіммен өсіріліп жатқанын жеткізді.
Мұнда жиналатын өнімді ысырапсыз сақтауға да жіті мән беріліп отыр. Осыған орай 5 мың тонна алма сақтауға лайықталған арнайы қойманың да құрылысы аяқталуға жақын, келесі жылы оны іске қосу жоспарда бар. Осыдан кейін «GREEN ECO» ЖШС өндірістік жылыжайына ат басын бұрған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровты кәсіпорын директорының орынбасары Р.Баймурзин қарсы алып, жұмыс желісімен таныстырды. Өндірістік типтегі жылыжай шаруашылығында көкөніс, көк-сөк өнімдерін өсірумен шұғылданатын іргелі серіктестік 2017 жылы құрылған, оның жер көлемі 12 га. құрайды. Ағымдағы жылдың тамыз айында 1,3 га. алқапта қанатын кеңге жайған өндірістік жылыжай кешеніне көкпияз, аскөк, ақжелкен, руккола, ромэна көк-сөктерін өсіруді қолға алған. Жобаның жалпы құны 1360,0 млн. теңгені құрап отыр. Кешен жұмысына арналған жабдықтар Даниядан әкелінген. Дат технологиясының бір артықшылығы қоршаған ортаға зиянсыз. Кешен жұмысы толыққанды автоматтандырылған. Сонымен қатар жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында энергия үнемдейтін заманауи технологиялар орнатылған. Осындай инновациялық технологиялардың арқасында өнімді жыл бойы артық шығынсыз өсіру мүмкіндігі жүзеге асырылуда. Өндіріс қуаттылығы көңіл көншітеді: жылына 2,7 млн. бума аскөк тұтынушыларға жеткізіліп отырады. Жұмысшы топ кәсіпорын аумағында орналасқан 1,5 га. алқаптағы сәндік дақылдар мен өсімдіктер өсірумен айналысатын «Лукоморье» бағын аралап көрді. Бұл күнгі жоспар бойынша облыс әкімінің орынбасары Б.Манзоров Талғар қаласында орналасқан «Keruen Plus»ЖШС-не бас сұқты. Аталмыш кәсіпорын ПВХ профильдерін, пластмас трубалар мен фитингілерді шығарады. Өз жұмысын 2015 жылы бастаған кәсіпорын, көп ұзамай, яғни 2016 жылы жұмысын жаңа деңгейге көтерген. Қуаттылығы 1500 тоннаны қамтитын су құбырлары мен жылу жүйесіне пайдаланылатын ППР трубаларын шығаратын жоғары технологиялы желіні іске қосқандығы да айтылды. Бүгінде «KAVI», «KALE», «ROYALWIN» маркалы ПВХ профильдерін, сонымен қатар «DENIZ», «OKYANUS», «PINAR» маркалы трубалар мен фитингілерді шығарады. Сапасы да жоғары. Шикізат Оңтүстік Корея мен Ресей мемлекеттерінен әкелінеді. Жылдың жылы мезгілдерінде 160 адам жұмыспен қамтылса, қыс айларында 120 адам жұмыс істейді. Шығарылатын өнім түрлері мен сапасы туралы жан-жақты мағлұмат берген серіктестік басшысының орынбасары Мұстафа Ероглу кәсіпорын ішін аралатып, жұмыс ауқымымен таныстырды.
Осылайша бірнеше кәсіпкерлік нысандарды аралап, ондағы жұмыстарды көрген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында бөлім, мекеме басшылары, қала, ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Жиынды аудан әкімі Р.Сатбаев ашып, әрі қарай да жүргізіп отырды. Ол ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша қысқаша мәлімет беріп өтті. Осыдан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Б.Манзоров жауапты қызметке тағайындалғаннан бері бірнеше аудандарды аралап, ондағы халықтың тыныс-тіршілігімен, аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып келе жатқанын айтты. Бұл жолғы ауданға арнайы ат басын тіреуінің де мәнісі осында. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында үкімет мүшелері мен әкімдерге нақты 9 тапсырма жүктегенін, ондағы ең маңызды мәселе – халықтың әл-ауқатын көтеру, жұмыс орындарын ашу, экономиканың тұрақты өсімін сақтау екенін атап өтті. Өз сөзінде ол әлеуметтік, кәсіпкерлік, құқық қорғау, ауылшаруашылық салаларын қамтып өтті. Оның ішінде аз қамтылған отбасылары мүшелері мен көпбалалы отбасыларына үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау туралы, атап айтсақ баспана мәселесі, жаңа форматтағы АӘК мәселелеріне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұрады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған іс-шаралардың жүзеге асырылуы, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, білім, денсаулық салалары, елді мекендердің инфраструктурасын дамытуға кеңінен тоқталды. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамту – уақыт талабы. Кәсіпкерліктің қанаты кеңісе, бюджет қоржыны да толыға түсері анық. Ал, салық түсімінің артуы, халық жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Бұл орайда Б.Манзоров аудан әкімінің орынбасары Х.Тойбаевты, жауапты бөлім, мекеме басшыларын көтеріп бірқатар сауалдар қойып, берген мәліметтеріне құлақ түрді, нақты тапсырмалар берді. Қол жеткен жетістіктерге қарағанда, шешілуі тиісті маңызды мәселелерге ден қойды. Алдыңғы кезекте тұрған өзекті мәселелерді аудан әкімі нақтылып атап өтті. Олар: ауызсу мәселесі, Талғар-Алматы күре жолын кеңейту, көпқабатты үйлерді көгілдір отынмен жылытуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі балансында тұрған 66 ТП (электр трансформаторларын) «Алатау жарық» компаниясы балансына өткізу. Сонымен қатар ауданда үш ауысыммен оқитын 8 мектеп бар, бұл ретте жаңа мектеп құрылыстарын жүргізуге қажетті жер телімін бөлу, қаржы мәселелерін шешудің жан-жақты мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын жеткізді.
Жиынды аудан әкімі Р.Сатбаев қорытындылап, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен ел игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстарды атқаруда жауапкершілік пен іскерлік танытуға шақырды.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».