Суретшінің қыл қаламы

Суретшінің  қыл  қаламы

«Рухани тазалық – жаның үшін азық, Ер белгісі – құнында, зер белгісі- пұлында» – деп дана халқымыз айтпақшы, тектіден текті туады деген рас екен. Талғар өңіріне мәлім суретші, қыл қаламынан небір ғажайып туындыларды жасап шығарған Мұқатай Кеңесұлы есімді жанды бұл күндері біреу білсе, біреу білмес. Мұқатайды атасы Мұсабай ауыл шетіндегі ұстаханада көрік басып, темірден түйін түйетін айтулы ұста еді де, әжесі – Зағипа боялған түрлі-түсті жүннен киіз, алаша, сырмақ басып, сан алуан жіптен түскиіз тоқитын қолы шебер кісі болыпты.

Он баланың анасы Забира ауылдың кітапханасында кітапханашы болған көзі қарақты оқыған әйел болса, әкесі Кеңес Шеңгелді ауылындағы «Қызыл отау» үйінің меңгерушісі еді. «Сегіз қырлы, бір сырлы», қолынан қызыл сырнайы түспейтін өнерлі, әнші Кеңес Мұсабайұлы күні-түні Кербұлақ, Қарой, Күрті аймағындағы «Қызыл отау» жұмысымен шапқылап жүреді екен. «Әке көрген – оқ жонар» дегендей, темір ұстасының баласы Кеңес те қайыс пен теріден ат әбзелдері мен түрлі сақина-білезік, оюлап қанжар жасайтын зергер болыпты. Ақ қағазға сурет салып, сол кездің өзінде фотоапарат асынып, мәдениет саласында көзге түскен Кеңес Мұсабайұлы СССР мәдениет министрі Фурцеваның қолы қойылған «Кеңес Одағы мәдени-ағарту саласының үздігі белгісін», анасы Забира 10 бала өсіргені үшін «Батыр ана» белгісін кеудесіне жарқырата тағады.

Мұқатай Мұсабаев 1967 жылы Жаңа Дәуір ауылындағы 8 жылдық мектепті бітірген соң, Талғардағы №2 орта мектепте оқуын жалғастырады. Интернатта жатып оқу оқып, мектеп қабырғасында бейнелеу өнерінің мұғалімі Р.Иминянов деген суретші кісінің тәрбиесінде болған Мұқатай түрлі-түсті бояумен табиғат көріністерін айнытпай түсіретін суретші болып қалыптасады. Суретші болуды армандайтын жас бозбала мектеп бітірген жылы Алматы қаласындағы көркем-сурет училищесіне барған еді. Алғашқы жылы жолы болмаған Мұқатай күзде сарбаздық міндетін атқаруға аттанады. 1970-1972 жылда­ры Ресей Федерациясының Свердловск қаласында сарбаздың міндетін атқарған ол суретшілігінің арқасында елге ең үздік солдат болып оралған еді. Әскерден оралған соң туған ауылы Жаңа-Дәуірдегі жаңадан ашылған он жылдық мектепке бейнелеу, сызу және қол өнерге үйрету сабағынан дәріс беріп, мұғалім атанған жас жігіт мектеп директоры К.Амандықовтың зор сеніміне ие болады. Еңбек мектебінен өткен Мұқатай 1975 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Көркем-сурет» факультетіне түседі. Сабырлы, салмақты мінезді жас жігіт төрт жыл бойы институт комсомол ұйымының жетекшісі ретінде студенттерді Нарынқол, Кеген, Шелек өңірлерінде өтетін жазғы құрылыс отрядына бастап баратын. 1978 жылы институт бітірген Мұқатай жан жары Бақытгүл екеуі арнайы жолдамамен Талғар қаласындағы №2 орта мектепке бірі – суретші, екіншісі – музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек жолдарын бастайды.
1980-1992 жылдар Мұқатай Мұсабаевтың жұлдызды жылдары еді. Орда бұзар отыз жастың үстіне шыққан Мұқатай аудандық оқу бөлімінде «Эстетика» тәрбиесі бөлімінің нұсқаушысы, сосын аудандық партия коми­тетінің шешімімен «Мәдениет үйінің» директоры болып тағайындалады. Мәдениет жетекшісі бірнеше рет Халық депутаттары аудандық Кеңесіне депутат болып сайланады. Қаладағы әсем де сәулетті «Мәдениет үйі» сол кезде бой көтерген болатын. Талантты сазгер Мұқанбек Бөрібаев екеуі аудан жастарының басын қосып, «Алатау аясында» атты ән- би ансамблін дүниеге әкелген еді. Талантты жастардан құралған ансамбль «Халықтың ән- би ансамблі» атанып, оның атақ-даңқы шар-тарапқа тарап жатты. Жас директор Мұқатай жаңадан алынған 10 жаңа автоклубпен күні-түні шопандар ауылында жүретін. Ол бір қайтып келмейтін дәуренді кезең тұғын. 1990-1993 жылдары Мұқатай Мұсабаев қаладағы №2 орта мектеп жанындағы мектеп- интернатының меңгерушісі болып, бала тәрбиесімен айналысты. Суретші Мұқатай 1994-2010 жылдары қаладан «Өнер» атты шағын мекеме ашып, қаланың безендіру жұмыстары мен Кеңестік жүйеден қалған көше аттарын өзгертіп, тәуелсіз Қазақстанның ардақты азаматтарының атына ауыстыру кезінде көп еңбек сіңірді. Жан жары Бақытгүл 40 жылдай №2 орта мектепте ұстаздық етіп, зейнет демалысына шықса, ұлдары Руслан, Нұрландар әнші-музыкант болып ел назарында жүргенін көпшілік біледі. Қызы Сәуле де әнші- музыкант. Ұл-қыздарынан жеті немере көріп отырған еңбек ардагері Мұқатай мен Бақытгүл өздерін бақытты жандармыз деп есептейді. «Жақсы адам- жақсылық жасай білетін емес, жамандық жасай алмайтын адам» деп шығыс ойшыларды айтқандай, қашан да қарапайым мінезімен елге танылған суретші, мәдениет қай­раткері Мұқатай Мұсабаев осындай азамат.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».