Қорықшы қарақшының қолынан қаза тапты
Ақмола облысына қарасты Жарқайың ауданында «Охотзоопром ӨБ» РМҚК орталық аймақтық филиалының инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау барысында ақбөкенді ату дерегін тіркеген,–деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Браконьерлер мінген көліктің соңына түскен қос инспекторға оқ атылып қорықшылар ауыр жарақат алған. Оқиға орнына санавиация шақыртылып, жарақат алғандар Державинск ауруханасына жеткізілген. Оның бірі 43 жастағы «Охотзоопром ӨБ» инспекторы Қаныш Нұртазинов аурухана барар жолда көз жұмған. Жанындағы әріптесі Самат Оспановқа ота жасалған.
1976 жылы туылған ер адам ауруханаға келгенше көз жұмды. Оның кеуде тұсына тиген оқ тесіп шыққан. Екінші ер адам ауруханаға жатқызылды. Оның сол жақ кеуде қуысына, сонымен қатар, сол жақ иық сүйегінің жоғарғы үштен бір бөлігіне оқ зардабы тиген,– деді жергілікті әкімдік аппартының өкілі.
Қайтыс болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың артында жары және төрт қыз бір ұлы қалды. Балаларының тұңғышы жұмыс жасаса, кенжесінің бар болғаны үш жаста.
Жедел іздестіру шараларының нәтежесінде браконьерлер қолға түскен. Белгілі болғандай олар Арқалық қаласының тұрғындары. Әкелі-балалы азаматтар. 45 жастағы әкесі мен оның 20 жастағы ұлы қылмыстық айғақтарды жою мақсатында автокөліктен құтылуды ойлаған. Десе де, полицияның бірлесіп жедел әрекет етуінің нәтижесінде күдіктілерді ұзатпай Қостанай облысының аумағында құрықтаған.
Орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айтып, оқиғаға байланысты пікірін білдірді.
«Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, сотқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов өзіне лайықты марапатталатын болады. С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін», — деді Мемлекет басшысы.
Аталған қылмыстық істі ҚР Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды. Дерек бойынша ҚР ҚК-нің 99 бабы, 1-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Естеріңізге салсақ, жыл басынан бергі қорықшылардың браконьер қолынан қаза болуы бірінші рет емес. Осы жылдың 13 қаңтарындағы Қарағанды облысының Нұра ауданында мемлекеттік қорық аумағында заңсыз киік атқан браконьер-қарақшылардың қолынан қорықшы Ерлан Нұрғалиев қаза тапқанын ел әлі ұмыта қойған жоқ.
ТалғарАқпарат