Бөлтірік шешен

Бөлтірік шешен

Бөлтірік Әлменұлы (1771-1854) осы күнгі Жамбыл облысы, Шу ауданы Шоқпар Темір жол станциясы маңында кедей семьясында дүниеге келген. Бала кезінен- ақ ақындық, шешендік сөз өнеріне бейім болған. Ел арасындағы тапқыр, ұтқыр сөздерді, тақпақ, терме, аңыз әңгімелерді жаттап, оны жастар арасында айтып, қызық-думан құрған. Бөлтірік сонымен бірге мерген, саясаткер, ат үстінен алдырмайтын шабандоз, батыр болған. Есейген шағында ел арасындағы жер, су, жесір дауына, жайлау, қоныс, еңбек жөніндегі талас, дауларға араласып, әділ де шешен төрелік айтқан.

Сондықтан да халық оны қалап би сайлап алған. Зорлықшыл, қиянатшыл, барымташыл, басбұзар, жалақор, алааяқтар Бөлтірік бидің қара қылды қақ жара айтқан әділ билігінен беті қайтып, әшкереленіп отырған. Ондайлар Бөлтірік отырған жерден сескеніп аулақ жүрген. Бөлтірік шешен тек қана қазақтар арасында емес, қырғыз, өзбектерге де белгілі, беделді шешен болған. Не бір төрелер, бектер, бай, манаптар оның өткір сөзінен, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын жөн- жосықты билік-шешімінен аяғын тартқан.

Бөлтірік Шешен
ТалғарАқпарат

Бөлтірік шешен 83-ке қараған шағында дүниеден қайтқан. Әулие бабамыз көз жұмар алдында қазіргі Жамбыл облысы Іле ауданының «Ойық» совхозына жақын Жәдік көлінің жағасындағы аулына, өзінің ұзатылған қызының үйіне барады. Онда бірер жұма аялдап, тәуіпке қаралады. Меңдеп кеткен аурудан айыға алмай сол ауылдағы өзінің Байсейіт дейтін батыр туысының үйінде қайтыс болады. Өзінің «Мен осыдан олай- бұлай боп кетсем, алыстағы ағайын- туыстарым әкетеміз деп әурелемесін. Осында жастай шейіт боп кеткен Танабай ұлым жатыр. Соның қасына қоясыңдар» деген өсиеті бойынша Жәдік көлінің жағасына жерленген. «Ойық» совхозының Бестам бөлімшесіне қарайтын бұл жерде тоғыз күмбезді Қарақожа мешіті де тұр. Оның жанындағы төрт құлақты Бөлтірік сағанасынан ары өткен, бері өткен мұсылмандар тізе бүгіп тағзым етеді. Бүгінде Бөлтірік бидің үрім-бұтақтары Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарының аудан, қалаларында еңбек етеді.
Ел аузында «Бөлтірік айтыпты» деген шешендік кесімді сөздер көп. Ондай сөздер басқа халықтарға да таралып кеткен. Бөлтіріктің Әлтөремен айтысы, Қырғыз Бәйтеке манапты тізе бүктіргені, Тезек төреге, Барақ, Диқанбай, Сыпатай батырларға айтқаны, Құнанбай аға сұлтанды сөзден сүріндіргені тағы сондай көптеген шешен сөздері бар. Олардың бірқатары баспа бетіне жарияланып та жүр. Халық ақындары Кенен Әзірбаевтың «Аңыздар сыры» (1969), Балтағұл Бигелдиевтың «Балқаш» (1970) жинақтарында және Шона Смаханұлының «Жалын» журналында
(№3, 1969) Бөлтіріктің ақындығы, ше­шендігі, батырлығы, бейнеленген әңгіме, аңыз, өлең, жырлар жария­ланған. Енді Бөлтірік шешеннің бір топ ше­шендік сөздерін назарла­рыңызға ұсынамыз.
Бөлтірік әке-шешеден жастай айы­рылады. Бұғанасы қатпай байлардың қозысын бағып, отынын жарып, күлін шығарып, күнін көріп жүреді. Бірақ, ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды. Бір күні жанашыр ауылдасы;
– Әй Бөлтірік, сегізге келдің, сер­гелдеңде жүрсің, Жаным ашып айтамын, сонау Балқаш деген жерде Қоңырбай атты бай нағашың бар. Соның сағасын паналап ер жеткенің дұрыс қой – дейді.
Бөлтірікке ой түседі. «Бұл жерде жаны ашитын адамым жоқ, маңдайымнан сипайтын қол жоқ. Одан да түбі бір, туысы бір нағашымды паналағаным дұрыс болар. Етіне тояйын, тайына мінейін, кимімді бүтіндейін» деген шешімге келеді. Көп ұзамай сол жаққа баратын керуенге ілесіп, нағашысының ауылына келіп жетеді. Бөлтірікті көрген нағашысы қуанып:
– Жиенжан, жақсы келдің ғой, не істерімді білмей отыр едім. Қолыңа шыбық ұстап, қозыға шық,- деп мал соңына салып қояды. Мұнда да ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды.
Бір күні Қоңырбай төңірегіндегі өзі теңдес байларды қонаққа шақырады. Бөлтірік бұған қатты қуанады. Іштей «етке тоятын болдым, етке тоймасам да сүйекке, сорпа тиетін шығар» деп ойлады. Байлар табақтағы сүйекті бір-бірден ұстап мүжи бастайды. Босағада отырған Бөлтірік балаға көз қырын да салмайды. Осы кезде үй сыртына бір топ атты адам келіп тоқтайды, ат дыбырын естіген нағашысы Бөлтірікке:
– Әй сүмелек, мына келген кімдер екен көріп кел, – дейді.
Бөлтірік тысқа шықса, бастарына сәлде ораған бес молда екен. Баланы көрген бір ересектеуі.
– Уйде кім бар? – дейді. Содан Бөлтірік жұлып алғандай:
– Үйде өңшең иттер отыр,- дейді де ішке енеді.
Нағашысы Бөлтірікке қарап:
– Келген кімдер екен?- дейді -. Бөлтірік бәріне естірте:
– Бес қатын келіп тұр, – дейді. Отырғандар бір-біріне таңдана қарасып:
– Еркек үстіне келетін қандай қатындар?!
– Біздің тоқалдарымыз болмасын!
– Аттарынан түсіп, үйге кірсін де! – деп бұйырады нағашысы.
Бір кезде Бөлтірік бес молданы бастап үйге кіргізгенде, бәрі таңданып балаға қарайды. Бірақ, ештеңе айта алмай, қызарақтап күлгенсіп, бір-бірімен сәлемдеседі. Мол­даларды төрге отырғызып болған соң, босағада отырған Бөлтірікке нағашысы одырая қарап:
– «Әй,бала, сомадай болып отыра бермей, қонақтарға қой әкеп сой. Молдалардан бата сұрауды ұмытпа! – деп зекиді.

Бөлтірік қойдың ішінен бір қара қошқарды ұстап алып келеді де, есіктің жабығын көтеріп:
– Ал, молдекелер, бата қылыңдар? – дейді. Нағашысы қошқарды көріп:
– Әй иттің баласы, саған бірдеңе көрінген бе, семіз ісіктер тұрғанда, қошқар әкелгенің қалай? – деп қолындағы қамшысын көтереді. Сонда Бөлтірік нағашысына тіке қарап:
– Ұрсаңыз ұрыңыз, таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді. Иттің баласы болсам, сізден аулақ кетпегенім ғой! Бұл бір. Екіншіден, адам қожасы- қожа, қой қожасы- қошқар. Бұл қожа-молдаларға қошқар сойған лайық. Оған несіне намыстандыңыз, нағашы?- дейді.
Отырған байлар сасып қалады. Сонда әлгінде келгендердің ішінен жасы үлкен біреуі тұрып:
– Баланың сөзі дұрыс, соя берсін, ал­лаһу-акбар! – дейді.
Нағашысы Бөлтіріктің соңынан ша­ты­най қарап:
– Кешіріңіздер, молдекелер, мына қу жетімге бірнәрсе көрінген шығар. Сіздерді әлгінде «қатындар» деп айтты бұл жетім деп күйінеді. Сонда қонақтардың бірі:
– Бізде «үйде кім бар?» деп едік, «өңшең иттер отыр» деп жауап берді. Сонда бұл- балаға сүйекте тимегені ғой. Бізді қатын десе, басымыздағы сәлдеміз шығар. Бұл ба­ланың тілегін орындап, ауылына қайтарғаның жөн болар түбі, – деген екен.

Тұрсынбек Жалғасбаев,

ТалғарАқпарат