Депутат ел ортасында
Депутат — халық қалаулысы. Қарапайым халық пен биліктің арасын жалғастыратын көпір іспеттес. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жетеді. Елбасының жүргізіп жатқан саралы саясаты мен бағамды бағдарламаларын да халыққа түсіндіріп, насихаттайтын да халық қалаулылары. Апта басталысымен ауданымызға кезекті іссапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Үмбетов Серік Әбікенұлы ауданымыздағы бірқатар ауылшаруашылық нысандарына атбасын бұрып, ауданымыздың тыныс-тіршілігімен танысты. Халық қалаулысын аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы мен аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы бастап жүрді.
Бірінші кезекте ауданымызға қарасты Панфилов ауылдық округінде орналасқан «Грин Эко» ЖШС-нің ұжымымен кездесіп, серіктестіктің жұмысымен таныстық. Осыдан екі жыл бұрын құрылған ауылшаруашылық нысаны бүгінде 25 адамды жұмыспен қамтып, жылыжайда салатқа қажетті көк шөптің отызға жуық түрін өсіреді.
Бұл жобаға 1360,0 млн.теңге қаражат жұмсаған. Қазіргі таңда облыс бойынша тоқсаннан аса супермаркеттерге өнімдерін тасымалдайтын серіктестік одан басқа түрлі баққа арналған ағаштарды да өсіріп, саудалайды. Жылыжайды аралап көріп, жаңа технологияның қыр-сырымен танысқан жұмыс тобы белгіленген кестеге сай «Баймене» ЖШС-не жол тартты. Бұл ауылшаруашылық нысаны да ауданымызда екі жыл бұрын ашылған. Тамшылап суғару арқылы алма жемісін өсірумен айналысады.
Бірінші кезекте 85 гектар жерді өңдеп, түрлі сорттағы алма ағаштарын отырғызған. Тамшылатып суғаруға қажетті құрылғыларды Израилден, ал алма ағаштарының көшетін Италья мен голландиядан алдырған. «Джанатон», «Голден», «Делишес», «Гала», «Фуджи» сынды алма сорттарын арнайы схемамен отырғызып, оларды бұршақ пен құстардан қорғайтын торлармен көмкерген. Бұл серіктестікте әзірге 5 мың тонна алма сақтайтын қойма да салынып, келесі жылы іске қосылмақ. Аудан тұрғындарынан 15 адамды жұмыспен қамтиды және олардың жалақысының ең аз мөлшері 80-100 мыңның арасында. Көздің жауын алардай самсып тұрған алма ағаштары келесі жылы толық өнім береді деп күтілуде екен. Серік Әбікенұлы бұл шаруашылықтың жұмысымен жете танысып, тиянақты тірлікке көңілі толып, разы болды. Әрі қарай жұмыс тобы Ақдала ауылында орналасқан «Алматы» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің ұжымымен кездесті. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты екенін білеміз. Сондықтан да экономиканың ең маңызды саласы халық тұтынысына қажетті тауарлардың басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр десек болады. Бар күш-жігерін дәл осы салаға салып кооператив бүгінде сүтті және етті мал өсірумен айналысады.
-Қазіргі күні шаруашылықта 1700 бас мал бар. оның 910-ы сауынды сиырлар. Үш жыл қатар Голландия, Чехия, Германия елдерінен арнайы жеткізілген сиырлар. Тәулігіне 25 тонна сүт өндіреміз. Негізгі тұтынушымыз «Фуд мастер» және «Шин-лайн» компаниялары. Малды азықтандыру күніне екі мезгіл, ал сауу үш мезгіл. Сауын залы Ирландияныкі. Бір мезетте 48 сиыр сауылады. Менеджер арқылы басқарылатын жаңа технология өте тиімді,- дейді кооперативтің сүт комплексінің басшысы Дарина Сұлтанбай. Бүгінде 241 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық мал азығын да өздері өндіреді. Дәнді дақылдар мен сүтті асыл тұқымды сиыр, жылқы мен қой шаруашылығының тасын өрге домалатып отырған шаруашылықтың қожайыны Бақыт Адайбековтей азаматтың еңбегін жоғары бағалаған Серік Әбікенұлы ауылшаруашылығы саласын өркендетудің маңыздылығын тілге тиек етіп, осы саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен басқа да салалардағы тың өзгерістер жайлы сөз қозғап, Парламентте көтеріліп жатқан маңызды мәселелер мен қабылданып жатқан заңдарды тілге тиек етті. Тындырымды тірлігі мен халқының бірлігі бар мемлекеттің тек өркениетке бастайтынын алға тартты. Жұртшылықты ауызбірлікке шақырып, елімізге тыныштық тіледі.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».