Құлықсыз кәсіпкерлерге қатаң жаза керек

Құлықсыз  кәсіпкерлерге  қатаң  жаза  керек

«Тіл тазалығын сақтайық» акциясы басталғалы тіл сақшыларының жұмысы қарқынды бола түсті. Бұған дейін де тілдің шұбарлануына жол бермей, күресіп келе жатқан жанашырлар бұл жолғы зерделеу жұмыстарында қала ішіндегі барлық көрнекі ақпарат құралдарын тексеріп шықты. Жарнамалардың үлкен, кішісіне қарамай сауаттылығын сынға алған сараптау тобы кәсіпкерлердің әлі де қазақ тіліне деген құлықсыздығын байқап, қынжылып қайтты. Қате жазылған дүңгіршектер мен халыққа қызмет көрсету нысандарының иелеріне ескерту парақшалары таратылып, он күн ішінде түзету үшін уақыт берілді. Солардың ішінде «ТалМед» ЖШС ақылы емханасы жекеменшік болғандығынан ба әйтеуір мемлекеттік тілге шекесінен қарайтын сияқты. Сыртынан бастап ішкі есіктеріне дейін орыс тілінде жазылған ақпараттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, қала әкімшілігінің және аудандық «Қазақ тілі» қоғамының мамандарынан құралған сарапшы топ бұл кемшілік тез арада жөнделу керектігі жайлы мекеме басшысына ескерту жасады. Акцияның логотипін көрнекі жерге ілгізді. Дегенмен берілген уақыт мерзімінен кейін нәтижесін білуге барған сарапшы топтың сағы тағы сынды. Ешқандай өзгеріссіз қарсы алған мекеме тапсырыстарының әлі дайын болмағанын айтып, қосымша уақыт сұрады. Әрине, тілге деген көзқарастың оңалып, оң нәтиже шығуын қалайтын тіл жанашырлары «Талмедке» тағы уақыт берді. «Жарнамаға неге жергілікті әкімдік жауап бермейді?», «Тілге жауапты бөлім тілін түземей не тындырып отыр?» деп білгішсіне айтатындардың дауы орынды. Тілге қатысты дүние болған соң сол сала өкілдері жауап беруі керек деген заңды ой туады. Бірақ, өкінішке орай олай емес. Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңында жарнама иелері қазақша мәтіндерін алдын ала жергілікті әкімдікпен келісу мәселесі мүлде қарастырылмаған. Бұл, бірақ жазадан құтылып кетемін деген ой емес. Яғни мұнда кәсіпкердің ар-намысы алда тұруы керек. Мейлі ол қай ұлт өкілі болсын тұрып жатқан елінің тілін сыйлап, «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарын мүлтіксіз орындауы тиіс. Ал мұндай іске құлықсыз кәсіп иелерін тиісті жаза күтіп тұрғанын естен шығармау керек.


Зерделеуші топ қаламыздағы Малькеев, Т.Бокин, Абылай хан, Д.Қонаев, Т.Рысқұлов, орталық базар маңы алаңын тексеріп шықты. Жауапкершілігі бар кей нысан иелері кемшілік кеткен жарнамаларын сол мезетте алып тастаса, кейбірі он күн ішінде қалыпқа келтіретіндіктерін жеткізді.
Айта кетелік, бұл акцияның мән-маңызы айқындалған басқосулар кітапхана қызметкерлерімен, Әділет басқармасы және халыққа қызмет көрсету орталықтарының, аудандық қазынашылық басқармасының мамандарымен де өткізілді.


Татар елінің ғалымы А. Саади «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек» деген екен. Ендеше өз тілімізді өзіміз несіне бұзып жатырмыз? Саф алтындай тілімізді ертеңгі ұрпақ осылай шұбарланған күйі қолданып кетуіне жол бермейік.

М.Бөлек