Жүзінші түлектерін ұшырды

Жүзінші түлектерін ұшырды

«Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық – адам болып қалу» — деген  екен ойшыл Хосе Хулиан Марти. Бұл әлемде 40 мыңға жуық әр түрлі мамандықтар бар екен. Осы көп салалы мамандықтар арасынан таңдау жасау, әрине оңай емес. Ең бастысы — адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өскен ортасына маңызды, бағалы үлес қоса алатындай болуы шарт. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Әр адам өзі өмірден орнын тауып, өзінің қалауымен бір мамандық таңдап, сол мамандық иесі болу керек. Міне, осыдан төрт жыл бұрын дұрыс таңдау жасап, мектеп табалдырығынан колледж қабырғасына оқуға келген жасөспірімдер бүгінде бір-бір мамандықты игеріп, қолдарына диплом алып, үлкен өмірге қанат қақты.

Сәрсенбінің сәтінде аудандық Мәдениет үйінде «Білікті маман — ұлт болашағы» атты Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің бітіруші түлектеріне арналған диплом тапсыру рәсімі өткен болатын. Колледж оқытушысы Жәнібек Бекбауовтың орындауындағы колледж туралы әннің ырғағымен салтанатты шара басталып кетті. Кеш жүргізушілері Бауыржан Игембаев пен Данияр Әлкей сахна төрінен орын алған 168 бітіруші түлекті топ жетекшілерімен бірге көпшілікке таныстырып, ортаға шақырып сән салтанатымен көрермен залына жайғастырды. Ортаға мемлекеттік Туымыз енгізіліп, Әнұранымыз шарықтай шырқалды. Алғашқы құттықтау сөзді колледж директоры Жақсылық Сатылғанов сөйлеп, ғасырлық тарихы бар оқу орнының тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғап, бітіруші түлектерге ақжарма тілегін арнады. Одан кейін мінберге көтерілген кеш қонақтары «Ақниет» арнайы қоғамдық қызмет көрсету орталығының директоры Тұрлыхан Сұлтанов, Талғар медициналық колледжінің директоры Бағжан Құдабаев,  ҚР Білім беру ісінің үздігі Серікбай Бейсенов пен колледж серіктестері үлкен өмірге қанат қаққалы отырған жас мамандарға ақ жол тілеп, ыстық ықыластарын білдірді. Әрі қарай салтанатты шара әуезді ән мен толқынды биге ұласты. Жалынды жастар, «Ауыл шаруашылығын электрмен қамтамасыз ету» мамандығының түлегі, Кіші Ғылым академиясының Республикалық көлемде 2018 жылғы ІІ деңгейлі диплом иегері Мағжан Қанатбек пен «Есепші» мамандығының түлегі, оқу озаты Карина Сергеева да топ арасынан сөз алып, өздеріне сапалы білім беріп, мамандыққа машықтандырған колледж ұжымына алғыстарын жаудырды. Бітіруші түлектерге салтанатты түрде дипломдары тапсырылып, белсенді ата-аналар «Алғыс хаттармен»  марапатталды. Барша қауым естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып тарасты.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».