ІСІНЕ АДАЛ ЖАС МАМАН

ІСІНЕ АДАЛ ЖАС МАМАН

Халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғам ның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталатыны даусыз. Осы талаптан шыға білу кез келген азаматтың, əсіресе жастық қызуқандылықпен келіп алып жауапкершілігі мен қатаң ережесіне шыдай бермейтін кей жастардың қолынан келмесі анық. Дегенмен қандай жұмыс тапсырылмасын шаршап-шалдығуды білмейтін, жалындаған жастық жігермен еңбектенетін, жұмысқа ынтасы орасан өнегелі жастар да бар арамызда. Солардың бірі бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Ақылжанов Айбек Ақылбекұлы дер едім.

1994 жылы Алматы облысына қарасты Ақсу ауданында дүниеге келіп, сол өңірде орта мектепті тəмамдаған Айбектің арманы əу бастан асқақ болды. Жалғыз ұл болып ержетсе де еркелеп, немқұрайлылыққа салынып мақсатынан жаңылған емес. Қайта үміт артқан ет жақындарының үміттерін ақтап, білікті маман иесі болуға талпынып, өзін-өзі жетілдірумен жүрді. Бұл əрекеті Алматыға келіп,

М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік жəне коммуникациялар академиясының студенті атанған сəтте де толастаған емес. 2015 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, қолына диплом алысымен бірден Талғар аудандық əкімдігіне жол тартты. Алғыр, зерек жас маманға қаншама ірі-ірі жекеменшік компаниялар-дан тиімді ұсыныстар түссе де Айбек олардан бас тартып, мемлекеттік қызметші болуды қалады. Ерік жігері мол жастар мемлекеттік қызметке тартылып, елі үшін жұмыс жасауды мақсат етулері тиіс екенін азаматтық парызы санай білетін Айбек өзінің орны осы салада екенін түсінеді. Оның үстіне ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та əр баяндамасында, Жолдауларында осы сөздерді айтудан жалыққан емес. Оның өзіндік себебі де бар. Себебі ел ертеңі жастар деп отырған мемлекет үшін сол жастардың елдің дамуына үлес қосып, мемлекеттік басқару істеріне араласып үйренгендері керек. Əрі ата-ананың үміті, əрі Елбасының сенімі алға сүйрей түскен Айбек алдымен аудандық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінде инспектор қызметімен еңбек жолын бастайды. Бойға жиған білімін көрсетер шақ осы тұс екенін жетік түсініп, берілген қызметке белсене кіріседі. Күн-түн демейді. Жалынды жастық жігермен жапыра жұмыс істейді. Бұл еңбекқорлығы басшыларға да ұнайды. Болашақтың іргетасы Айбек сынды жауапкершілікті жастардан құралатынын білетін ел ағалары жас маманды қолдап, қолтығынан демейді. Сөйтіп 2017 жылдың қаңтарынан бастап аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бас маман болып ауысады. Халықпен етене-жақын жұмыс істейтін бөлімнің өз қиындықтары болса да қажымай, мойымай қызмет етіп келеді.

– Мемлекеттік қызмет үлкен күшті талап ететін сала. Халықпен жұмыс жасау абыройлы іс деп санаға-нымнан болар осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметке келгеніме еш өкінбеймін. Мен қызмет ететін бөлімнің басшысы Асқар Шамаевты өзіме үлгі санаймын. Іскер азамат, білікті басшы əрі жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметкер. Адами қасиеті де кез келген жас үлгі аларлықтай деңгейде. Он жылдан астам бір салада жұмыс істеп келе жатқандығынан өз ісіне қаншалықты тиянақты азамат екенін аңғаруға болады. Білмегенімізді үйреніп, білгенімен бөлісіп жетелеп жүреді. Болашақта мен де халықтан алғыс алып, сүйіспеншілікке бөленген осындай арлы азаматтың жолын жалғастырамын деп сеніммен айта аламын, – дейді Айбек бізбен əңгімесінде.

Цифрлық Қазақстанға біртіндеп өтіп жатсақ та қағазбастылықтан арылмаған жүйенің кей жолдары халықтың ашу-ызасын тудыратыны бар. Мұндай сəттерде түйткілді сұрақпен келген тұрғынды жылы қабылдап, жан-жақты түсіндіріп, жолын айтып беруде де Айбек еш шаршамайды. Жұрттың сұрағына заңдық тұрғыдан толыққанды жауап беру үшін өзін-өзі үнемі жетілдіріп, ізденіп, оқып отырады. Тұрғын үй қатынастары туралы Заңды қолы қалт еткенде қайта зерделеп, соны жаңалықтармен танысып отыруды əдетіне айналдырған.

Бүгінде отбасын құрып, екі баланың əкесі атанып отырған жас маманның еліміздің демографиялық ахуалының жақсаруына да үлес қосар ойы бар.

Қазақтың санын көбейту жайлы толғанған патриотты жастың бойынан ұлттық рухты аңғардық. Мемлекеттік қызметті өз мүддесіне пайдаланайын деген пасық ойдан оқ бойы озық тұрған парасатты жас Айбектің ақ ниетіне мен де «əумин» дедім.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

«Талғар».