Мемлекеттік қызмет қашан да мінсіз болуы тиіс. Салмақты міндетті арқалаған мемлекеттік қызметкерлердің еліміздің жанжақты дамуына қосар үлесінің ерекше екені белгілі. Қызмет əдебіне жетік, саяси тұрғыда сауатты, салауатты өмір салтына берік, адамгершілік ұстанымы зор адам ғана мемлекеттік қызметші бола алады. Міне, сондай өз ісінің білгір маманы аудан əкімдігі аппаратының ұйымдастыру бөлімшесінің жетекшісі Шапиева Жаният Молдахметқызы дер едік.
Жаният Молдахметқызы бұл қызметке кездейсоқ келген жоқ. Негізгі мамандығы филолог. Алматы қалас ындағы ƏлФараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін аяқтаған. Алғашқы еңбек жолын 1999 жылы Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы №9 орта мектепте қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болып бастаған. Бұл білім ордасында 2007 жылға дейін еңбек етті. Мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде де ұрпақ тəрбиесіне өз үлесін қосты. 2007 жылы аудандық білім бөлімінің əдіскерлер кабинетінің əдіскері болып ауысып, онда бір жыл еңбек етті. Білікті маманның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен ұйымдастыру шеберлігі басшылықтың назарына ілігіп, 2008 жылы аудандық ішкі саясат бөліміне бас маман болып қызметке тұрды. Міне, осы күннен бастап мемлекеттік қызметкер атанып, өзіне жүктелген қызметіне адал болып, жауапкершілікті сезіне бастады. Аудан əкімдігіндегі бұл бөлімнің атқаратын қызметі өте ауқымды еді. Қоғамдық ұйымдармен, этномəдени орталықтарымен, жастармен жұмыс жасап, дін саласы мен түрлі ауданымыздағы игі шаралардың ұйымдастыру ісі, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасау осы бөлімге жүктелген. Небəрі екі маман ғана осындай ауқымды шаруаны тиянақты атқарып жүрді. 2014 жылдың наурыз айында аудан əкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімшесіне жетекшісі болып қызметке ауысты. Аты айтып тұрғандай ұйымдастыру бөлімі аудан əкімдігіндегі барлық өткізілетін іс-шараларды жинақтап, тиісті орындарға есеп беріп отырады. Ең басты міндеттері аудан əкімі мен қала, ауыл əкімдерінің жыл сайынғы халық алдындағы есебін ұйымдастырып, билік пен халық арасын жақындастыратын игі істің өз деңгейінде өтуін қадағалайды. Түрлі деңгейдегі сайлауларды ұйымдастыру да осы бөлімшенің еншісінде. Сайлау учаскелерін белгілеу, комиссия құру сынды заң негізіндегі ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен қатар жеке тұлғалардың мемлекеттік базасын реттеп, облыс əкімі аппаратымен тікелей байланыста болып, күнделікті құжат алмасып отырады. Жоспарланған кестеге сай жəне кестеден тыс аудан əкімдігінің жұмыс жоспарын реттеп, аудан көлемінде өтетін түрлі мемлекеттік мерекелерді ұйымдастырады. Осындай маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан Жаният Молдахметқызының адал еңбегі лайықты бағасын алып та жүр. Ол бірнеше мəрте аудан əкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталса, облыстық деңгейдегі де «Алғыс хаттары» баршылық. Жуырда ғана елімізде өткен маңызды науқан – ел Президентінің сайлауында тындырымды еңбегімен ерекшеленген еді. Ұжымындағы жас мамандарға да дұрыс жол сілтеп, бар білген-көргенін үйретіп, мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанықтырып келеді. Жас мамандар да білікті басшының тапсырмаларын тиянақты атқарып, өздерінің зеректіктерін көрсетіп жүр.
– Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған азамат əрбір ісіне аса зор жауап кершілікпен қарағаны жөн. Сəл нəрседен мүлт кетсе, ол оның абыройы мен атқарған жұмысына сын болады. Біздер атқарушы билік пен қарапайым халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес болғандықтан халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету басты міндетіміз. Мен үшін мемлекеттік қызмет жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым. Бүгінде əрбір арнайы-орта жəне жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін оңай жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерден небəрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тəртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді. Өз ісіне адал болған маман ғана абырой биігінен көріне алады,- дейді бөлімше жетекшісі.
Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі нəзік жанды əйелдер қауымынан. Ердің жүгін еңсеріп, əкімшілікте тынымсыз қызмет етіп жүрген Жаният Молдахметқызы сынды жаны нəзік жандар-дың еңбегі қашанда зор бағаға лайық. Отбасында бір шаңырақтың ұйытқысы, бір ұл, бір қыз тəрбиелеп отырған аяулы ана, еңбек жолында білікті басшы Жаният Молдахметқызының əрқашан абырой биігінен көріне беруін тілеп, төл мерекесімен құттықтаймыз біз де.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».