Тіл тазалығын сақтайық!

Тіл тазалығын сақтайық!

 — Акция — 

Маусым-тамыз аралығында аудан көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өтеді. Бұл жөнінде аудандық Мәдениет үйінің алаңында өткен жиында хабарланды. Ұйымдастырушы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Шарада сөз алған бөлім басшысы Фарида Бегенбаева бұл акцияның өзгелерден маңызы ерек екенін жеткізіп, аталмыш шараға кез-келген адамның қатыса алатынын жеткізді.  Мұнан кейін сөз алған ақын Бексұлтан Көлбаев жастарды өз тіліне жанашыр болуға шақырған өлеңін оқыса, тіл жанашыра, ұлттық рухта өтетін жиындардың басы-қасында жүретін ақын Камнұр Тәлімұлы аталмыш акцияға бей-жай қарамауға шақырды. Тілін, дінін құрметтеген жастар көптеп болса, жарымжан жарнама мен сауатсыз аудармалар болмайтын еді деп, әрбір азаматтың бұл шарадан тыс қалмауын үгіттеді.

Ашылуынан кейін жастар аудандық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесімен танысып, әдіскер Ризвангүл Токарзаеваның  танымдық насихатын тыңдады. Келушілерге ҚР «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптары жайлы жазылған парақшалар таратылды. Қоғамдық орындарда қазақ тілінің дұрыс жазылуына нұқсан келген көрнекі ақпарат құралдарын көрсе басшыларына ескерту керектігі тағы бір пәрте пысықталып, айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, жалпы акцияның ашылуына  аудандық «Қазақ тілі» қоғамы, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, мекеме қызметкерлері, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі мен мамандары, «Жасыл ел» еңбек жасағының жасақшылары  және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты.

Талғар-ақпарат