Барлық жақсы балаға

Барлық  жақсы  балаға

Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені. Адам баласын имандылыққа ұйытатын қасиетті шаңырақ, ұлағатты орын. Оның сыртында, мешіт табалдырығын аттаған әрбір жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі екен. Қазіргі уақытта мешіттер тек діни мекеме емес, рухани орталыққа, тәрбие ошағына айналып келеді.

Жуырда, қасиетті ораза айтының екінші күнінде Гүлдала ауылдық мешітінде үлкен бір игілікті істің куәсі болдық. Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айты – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі саналады. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. «Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Бұл күндері ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру – игі амал. Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-туыс, бауырларды, көршілерді қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де – сауапты іс. Осы қасиетті мерекеде мол сауапқа кенелген Гүлдала ауылдық мешітінің жамағаты балаларға үлкен мерекелік тарту жасады. Ауыл балаларына мыңнан аса балмұздақ үлестіріп, түрлі сусындар мен ойыншықтар таратты. Мешіт ауласына жиылған балақайларға ойын-сауық та ұйымдастырылды. Шағын аттракциондар мен батуттар қойылып, қызықты шоу бағдарламалар да ұсынылды.

Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нәдірбек Бекжігіт мұндай игі шараның жыл сайын ұйымдастырылып отыратынын айтып, бұл істе ауыл азаматтарының белсенділік танытып, демеушілік жасайтынын да тілге тиек етті. Ал ауыл мешітінің бас имамы Бақтияр Жақсылықов мұсылман қауымы үшін ең ұлық мереке саналатын айт мейрамының құндылығын балалардың санасына сіңіруді мақсат еткендіктерін айтты. Балалар қазірден мейрамның маңыздылығын сезініп, жыл сайын асыға күтіп, қуанышпен қарсы алатын мерекеге айналдыруды көздеген мешіт жамағатының игі амалдары біздерді де қуантты. Бірі әткеншек теуіп, енді бірі батуттарда секіріп, енді біреулері тәтті балмұздақ пен сусынның қызығына түсіп жатқан балалардың бақытты жүздеріне қарап разы болдық. Расымен де, түрлі салт-дәстүрімізде жоқ мейрамдарды атап өтіп, балалардың санасын қазірден уламай асыл дініміз айғақтап берген айшықты айт мейрамын осындай деңгейде атап өтсек балалардың жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді емес пе даналығымыз. Ендеше, игі бастаманы ұйымдастырған азаматтар мен қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған азаматтарға Алла разы болсын!

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».