«Арыстан» түлектері аттестат алды

«Арыстан» түлектері  аттестат алды

Еліміздегі интернат типтегі, әскери салттағы, физика-математикалық оқу бағытындағы, информатика, ағылшын мен қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын «Арыстан» мамандандырылған лицейі биылғы түлектерін ұшырды. 240 оқушының 80-і қолына аттестат алып, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың екеуі «Алтын белгі» иегері атанса, екеуі үздік аттестатқа қол жеткізген. Лицеистерді құттықтауға  аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» қоғамдық қоры директорының орынбасары Ғайша Сыздықова, сондай-ақ  бітіруші түлектердің ата-аналары мен туған-туыстары келді.

Лицейдің туы ортаға әкелінген соң Мемлекеттік Әнұранмен ашылған жиынның алғашқы сөзін лицей басшысы запастағы генерал-майор, педагогика ғылымының докторы Сәбит Туланов алды. Өткен оқу жылындағы жетістіктер мен жеңістерді тізіп шыққан басшы биылғы түлектер арасында да білім мен спорттан, өнер мен өзге де сайыстардан оза шапқан шәкірттерін мақтанышпен атап кетті. 80 түлектің барлығы 100 пайыз ҰБТ-ге қатысып, биыл да ауданның білім көрсеткішіне қомақты үлестерін қоспақ. Басшы сөзінен кейін аттестат тапсыру салтанаты өтті әрі «Үздік лицест» номинацияның жеңімпазы анықталды. Номинация иегері атанып, өзгелерден оза шапқан  Бекжан Серікқазин  әрі «Алтын белгі» иегері де екен. Шара барысында түлектерге ақ тілегін жолдаған аудан басшысы Р.Ахметқалиұлы мен «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» қоғамдық қоры директорының орынбасары Ғайша Сыздықова  талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларына тілектестігін білдірді.  Ата-аналар атынан сөйлеген Ж.Мықтыбекова да  арыстандықтардың алдағы қадамына деген ақжарма тілегін жолдап, лицей ұстаздарына деген сый-құрметін көрсетті. Әсем әндерін арнап, жыр шумақтарын жолдаған түлектер А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің биші оқушыларымен «Қоштасу вальсін» биледі.

Өмірдің  алғашқы баспалдағын аяқтап, келесі биік сатыларына аяқ басқалы тұрған «Арыстан» лицейінің жетінші түлектеріне біз де сәт-сапар тілейміз.

М.Бөлек