Бүгін елордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңымызға қолын қойып, президенттік қызметке кірісуіне байланысты ант берді. Тікелей эфирден тамашалап, көргеннен кейін өз пікірімді айтуды жөн көрдім.
Бұған дейін де Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауларында, кеңейтілген отырыстарда жастар мәселесін алға тартып, олар елдің болашағы екенін естен шығармаған болатын. Жаңа президентіміз де осы үрдістен алшақтамай, елдің болашақ тұтқасы біз сияқты жастардың қолында екендіктерін атай кетті. Әрине, ел ағаларының аузынан естіген мұндай сөздер бізге болашаққа деген сенім мен жігер береді. Сол кісілердің үміттерін ақтап, бәсекеге қабілетті елдердің жастарымен тереземізді теңестіргіміз келеді. Ол үшін оқу-білімге, ғылымға ден қойып, инновациялық технологияларды жетік игеріп, өз-өзімізді дамытудан қашпауымыз керек.
Ұлықтау рәсімінде сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлының бес маңызды бағыты қатты ұнады. Халықтың табысын арттырудан бастап мемлекеттің өсіп-өркендеуіне түпкілікті зиянын тигізетін сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мәселесін шешу сияқты көкейкесті мәселерді алдағы жұмыс жоспарына енгізгені қуантты. Дамушы елдің жас азаматы ретінде мен де өз үлесімді қосамын.
Мария Сермаханова,
«Талғар ауданының жастар ресурстық
орталығы» маманы.