Жүректерге сенім ұялатты

Жүректерге сенім ұялатты

Барша қазақстандықтар  бүгін тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Еліміздің жүрегі саналған Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәуелсіздік сарайында» тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті Қасым Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараны барша қазақстандықтармен қатар біздер де теледидардан тамашаладық. Әрине, ерекше рух беретін қуанышты сәт. Ең алдымен тәуелсіз елде, бейбіт заманда, ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымызға қуандық. Күні кеше ел болып сайлау науқанын өткізіп,  мемлекетіміздің тәуелсіздігін тұғырлы етіп, әрі қарай дамытып, елі үшін аянбай еңбек етеді деп Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артып, еліміздің болашағын тапсырдық. Сайлаушылардың басым дауысын жинаған Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің Президенті болып сайланып, бүгінгі күні қазақ елі алдында ант берді.

Ел Президентінің ұлықтау рәсіміне  Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Оң қолын Конституцияға қойып халқымызға адал қызмет етіп, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентiне жүктелген мәртебелi мiндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының да саралы саясаты мен ел еңсесін көтеру жолындағы еңбегн тілге тиек етті. Сондай-ақ алдағы еңбек жолында еліміздің жарқын болашағы үшін бар күш-жігерін салатынын айтты. Әсіресе, әлеуметтік мәселелер, қоршаған ортаны қорғау, жолдарды жөндеу, таза ауыз сумен қаматамасыз ету, жемқорлықпен күрес, сот  және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, жастар саясаты жайлы айтып, осы салаларды жандыру жолында түрлі бағдарламаларды жүзеге асыру керектігін алға тартты. Жаңа Президентіміздің бұл алға қойған мақсаттарының жүзеге асуы елімізді одан әрі дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыратыны анық. Сондықтан да біздер Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім артып, алдағы еңбегіне табыс тілейміз.

 

Мәрия Сихимбаева,

       аудандық Аналар кеңесінің төрайымы.