Ел алғысын арқалаған полицейлер

Ел  алғысын  арқалаған  полицейлер

Тәртіп сақшылары – қоғамы­мыз­дың айнасы. Олар халықпен жұ­мыс істейтін адамдар. Халық­қа жақын болып, азаматтар құқық­та­рының бұзылмауына себеп­ші бо­ла­тын жандар. Бүгінде поли­ция қызметкерлері арасында заң нормаларын дұрыс қолдана білмейтін, құқықтық сауаты төмен, өз лауазымын асыра пайдаланатын мамандар көбейіп кетті. Әсіресе, жол полициясы қызметкерлерінің арасында жемқорлықтың жетегінде кетіп жататындары баршылық. Сол себепті халықтың полицияға деген сеніміне селкеу түскен. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, полицияның халық алдында беделін түсіретін де осындай қызметкерлер. Десек те, өз қызметін адал атқарып, жүргізушілер мен жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтауда тыным таппай еңбек етіп жүрген парасатты полицейлер де баршылық. Қызметтік міндетін дұрыс және жауапкершілікпен атқара білген полиция қызметкерлерін ғана парасатты полицей дей аламыз. Міне, сондай парасат иелерін бүгінде ортамыздан кездестіріп отырмыз. Ауданымыздағы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция ротасының полиция аға сер­жанты Есбол Ережепов пен қатарда­ғы үйренуші Жандос Жасабаевтың қызмет бабындағы кісілігі мен кі­шілігі қала тұрғындарының көңілі­нен шығуда.
Жуырда газет редакциясына қа­ла тұрғыны, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Алматы облыстық филиалының Талғар бөлімінің бас­шысы Жақия Ноғай екі азаматтың атына мақтау айтып, ризашылығын білдіре келген еді. Қала ішіндегі көлік кептелісінде тұрған азамат кептелістің не себепті орын алғанын білгісі келген екен. Сөйтсе, Қонаев пен Бокин көшелерінің қиылысында бір көлік бұзылып тұрған көрінеді. Сол мезетте әбігерге түсіп жатқан жүргізушіге қызмет бабында жүрген полицейлер көмекке келіп, бір демде көлігін жолдың шетіне шығарып, жүргізушілерге жол ашқан. Бұзылып тұрған көлік иесіне қолынан келгенше көмек беріп, әрі қарай қызметтеріне кіріскен. Күнделікті күйбең тірлікте жол бойында түрлі жағдайлардың куәсі болып жүрген азаматқа екі полицейдің қарапайым ғана іс-әрекеттері зор әсер қалдырған. Бірінші кезекте қос полицейдің қарапайымдылығы мен адамгершіліктері қуантқан. Ма­мандардың қызметіндегі білімді де біліктілігі, жүргізушілермен дұрыс қарым-қатынас жасауы, дер кезінде шешім қабылдай алуы тәнті еткен. Дана халқымыз: «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айтпаған. Полиция қызметінде күнделікті кездесіп отыратын түрлі оқиғалардың ішін­дегі ең қарапайым жағдайдың өзі көлік тізгініндегі азаматтардың жүрегіне жылылық ұялатып жатса, бұдан да қиын оқиғаларда өмір мен өлімнің арасынан құтқару шараларын жүзеге асырып, жан беріп, жан алысатын қиын сәттерде адал қызмет атқарып, адам өміріне араша түсетін полицейлердің ар­қа­лаған жүгінің қаншалықты ау­ыр екенін сезінгендей боласың. Қа­рау­ындағы мамандарға дұрыс жол сілтеп, оларды кішіпейілдікке, әр­бір әрекеттерін ақылға салуға тәрбиелеп келе жатқан Талғар аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция ротасының командирі, полиция под­пол­ковнигі Дулат Есікбаевтың да біліктілігінің нәтижесі бұл. Қара­пайым халықтың назарына ілінген полицейлер Есбол Ережепов пен Жандос Жасабаевтай парасатты азаматтарымыздың қатары көбейіп, елдің алғысына бөлене берсін дейміз біз де.

 

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».