Бірер күннен кейін еліміз маңызды тарихи оқиғалардың табалдырығын аттап, өзінің жаңа тарихының тағы бір бетін ашпақшы. Әрбір жаңа сайлау науқаны халықтың бірлігіне ықпал етіп, азаматтық ұстанымындағы қазақстандық бірегейлікті нығайтуға ынталандырғанын көрсетіп келеді. Бүгінде бізге тұрақтылық, қоғамның әл-ауқаты мен өркендеуі, ертеңгі күнге деген сенімділік қажет. Сондықтан да алдағы сайлау бүгінгі қолда барымызды сақтап, тіпті еселей түсіп, тұңғыш Президентіміздің саралы саясатын жалғастырып, кемелді келешекке жол бастайтын тұлғаны таңдауға мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы сайлаудың мәні мен мазмұны аса маңызды. Қазір ел тағдыры екшеленетін тұс. Саяси додаға түскен кандидаттар күн өткен сайын мүмкіндіктерін барынша пайдаланып қалуға тырысуда. Сайлауалды науқан барысында үгіт-насихат жұмыстары бәсеңдемей, керісінше, қарқын күшейе түсуде.
Жуырда ауданымызға халықпен жүздесу мақсатында «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық штабының мүшелері арнайы келді. «Байсерке Агро» ЖШС-нің қызметкерлері мен ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының мамандарымен кездесуге келген топтың ішінде партияның республикалық штабының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, «Ардагерлерді ұйымдастыру» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Измұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі Ахмет Мурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің мүшесі Шаймардан Нурумов, Қазақстанның Еңбек ері, спорт ардагері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі Алтынбек Қоразбаев, Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық аспаптары мұражайының жетекшісі, партияның Саяси кеңесінің мүшесі Ұлжан Байбосынова мен қоғам қайраткері Шынар Жанысбекова болды.
Олар аталмыш серіктестіктің кең алаңына қойылған сахна төріне көтеріліп, кезекпе-кезек сөз алып, өрелі ойларымен бөлісті. Олармен кездесуге тек ауылшаруашылығы саласының мамандары ғана емес партияның облыстық, аудандық штабының мүшелері, ауданымыздың «Құрметті азаматтары», белсенді жастар да көптеп жиналды. Жұрт алдына шығып сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлының сенімді өкілдері көпшілікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын түсіндірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын бірге қалап, иық тіресе еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі саясаткер, әлемдік деңгейдегі беделді дипломат. Сондықтан да «Nur Otan» партиясының төрағасының сенім артып, ел тізгінін ұстауға лайықты тұлға деп тануын жұртшылық бірден қолдаған болатын. Сөз барысында ұсынылған үміткердің еңбек жолы жайлы баяндалып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі де айтылды. Сайлауалды тұғырнамасы толық түсіндіріліп, кандидаттың берік ұстанған – сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаларын тарқата түсіндіріп берді. Талғарлықтар атынан сөз алған облыстық қоғамдық штаб мүшесі, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Найля Үмбетова мен аудандық қоғамдық штаб жетекшісінің орынбасары, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Жұмахан Еңкебайұлы алдағы сайлаудың ел болашағы үшін маңыздылығын алға тартып, барша қауымды 9 маусымда болатын сайлауда, еліміздің болашағы мен даму жолындағы тарихи сәтінде Қасым-Жомарт Кемелұлына бір кісідей қолдау көрсетуге шақырды.
Акция соңында ауданымыздың мәдениет саласы майталмандары әсем сазды әндерін әуелете шырқап, көпшілікті рухтандырса, ауданымызға ат арытып келген республикалық қоғамдық штаб мүшелері «Байсерке Агро» ЖШС-де өндірілетін өнімдер мен жасалып жатқан ғылыми жұмыстардың нәтижелері ұсынылған көрмені тамашалап, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».