

Адам өміріндегі ең қымбат байлық – денсаулық. Денсаулығы мықты адамның білім алуға, еңбек етуге, армандарын жүзеге асыруге мүмкіндігі мол болады. Сондықтан жастардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Бүгінде елімізде осы бағытта түрлі жобалар жүзеге асырылып, жастардың денсаулығын нығайтуға, зиянды әдеттердің алдын алуға және белсенді өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы мақсатта 2026 жылдың 22 шілдесінде Талғар ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Талғар аудандық ауруханасында «Игі істер марафоны» аясында «Салауатты қоғам» атты тағылымды кездесу өтті.Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, олардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және жастардың өмірлік ұстанымын дұрыс қалыптастыру болды.
Кездесуге медицина қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының мамандары, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Ашық пікір алмасу форматында өткен басқосуда қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Кездесу барысында «Жалын» жастар орталығының психологы Құсайынова Халия Бекенқызы жастарға психологиялық денсаулықтың маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндірді. Маманның айтуынша, қазіргі қоғамда жастар түрлі ақпараттық және әлеуметтік қысымға жиі тап болады. Оқу, жұмыс, әлеуметтік желілер, болашаққа деген алаңдаушылық кей жағдайда адамның психологиялық жай-күйіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан күйзеліспен күресуді үйрену, уақытты дұрыс жоспарлау, жақын адамдармен ашық қарым-қатынас орнату және өз денсаулығына ұқыпты қарау өте маңызды.
Психолог жастарға эмоционалдық тұрақтылықты сақтаудың қарапайым жолдарын айтып, әр адамның өзіне уақыт бөліп, сүйікті ісімен айналысуы, таза ауада серуендеуі, спортпен шұғылдануы және дұрыс демалуы психикалық саулықтың негізгі кепілі екенін жеткізді.
Кездесу барысында орталық мамандары салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Олар дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы, жеке бас гигиенасын сақтау және күн тәртібін қалыптастыру денсаулықты нығайтудың басты шарттары екенін атап өтті.
Салауатты өмір салты – тек аурудың алдын алу ғана емес, адамның өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды мәдениет. Денсаулығын күткен адам еңбекке қабілетті, білім алуға ынталы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады және өзіне сенімді болады.
Зиянды әдеттерден аулақ болу – саналы таңдау
Кездесу барысында темекі шегу, алкогольді ішімдіктер мен есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны туралы кеңінен айтылды. Мамандар мұндай зиянды әдеттердің адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасына, болашағына және қоғамдағы орнына да кері әсер ететінін түсіндірді. Жастарға өмірде дұрыс таңдау жасау, қысымға берілмеу, бос уақытын пайдалы өткізу және өз қабілеттерін дамыту қажеттігі жөнінде кеңестер берілді.
Сонымен қатар электронды темекілер мен энергетикалық сусындардың зияны туралы да нақты мәліметтер ұсынылды. Соңғы жылдары жастар арасында кең таралған бұл өнімдердің ағзаға тигізетін әсері ескертіліп, олардың қауіпсіз балама емес екені айтылды.
Іс-шара барысында өмірлік құндылықтар тақырыбы да кеңінен қозғалды. Адамның өміріндегі ең басты құндылықтар – денсаулық, отбасы, білім, еңбек, достық пен адамгершілік екенін атап өтті. Жастарға өз мақсаттарын айқындап, уақыттарын тиімді пайдаланудың, кітап оқудың, жаңа білім алудың және қоғамға пайдалы істермен айналысудың маңызы түсіндірілді. Өйткені белсенді әрі саналы жастар ғана еліміздің дамуына үлес қоса алады.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, психолог пен орталық мамандарынан нақты кеңестер алды. Әсіресе жастар психологиялық қолдау, күйзелісті жеңу, өзіне деген сенімділікті қалыптастыру және салауатты өмір салтын күнделікті өмірге енгізу мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты. Мұндай ашық кездесулер жастардың өз ойын еркін жеткізуіне, түрлі мәселелер бойынша мамандардан кеңес алуына мүмкіндік береді.
Игі істер – қоғам игілігі
«Игі істер марафоны» аясында өткізілген бұл кездесу жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Марафонның негізгі мақсаты – қоғамда мейірімділік, жауапкершілік, өзара қолдау және азаматтық белсенділік мәдениетін дамыту. Осындай игі бастамалар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, еріктілік қызметті дамытуға және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Жастар – елдің ертеңі, мемлекетіміздің стратегиялық күші. Сондықтан олардың денсаулығын сақтау, дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыру және саналы азамат болып өсуіне жағдай жасау – баршаға ортақ міндет. Талғар ауданында өткен «Салауатты қоғам» атты кездесу осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі болды. Кездесу барысында жастар денсаулықты сақтаудың маңызын терең түсініп, зиянды әдеттердің зардаптары туралы пайдалы ақпарат алды, өмірлік құндылықтарды бағалаудың мәнін ұқты.
Г.Тұрлыбекова

