

Алматы облысында отбасылық дәстүрді дәріптеп, балаларын өзара құрмет пен қолдау негізінде тәрбиелеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап келе жатқан өнегелі жанұяларға құрмет көрсетілді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде өңірдің таңдаулы 12 отбасы көпшілікке таныстырылды.
Биыл байқауға Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларынан 146 отбасы өтініш білдірген. Байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 12 жанұя салтанатты шараға шақырылып, олардың отбасылық өнегесі көпшілікке үлгі ретінде ұсынылды. Олардың тоғызы ынталандыру сыйлықтарымен қатар, 150 мың теңгеден ақшалай жүлдеге ие болды.
Марапатталған отбасылар қатарында Ермакашевтер, Туютовтар, Пирмухамедовтер, Ахметовтер, Бекмұхановтар, Жүнісовтер, Қуандыковтар, Сәтбек және Қуандық отбасылары бар. Ал байқаудың жүлделі орындары бойынша бірінші орын Кеген ауданынан келген Бақашовтар әулетіне бұйырды. Жеңімпаз отбасы 1 миллион теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. Екінші орынды Жамбыл ауданынан шыққан Асқаровтар отбасы иеленіп, 500 мың теңге көлеміндегі жүлдені қанжығасына байлады. Үшінші орын Іле ауданынан келген Тінібаевтар жанұясына беріліп, оларға 300 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар байқауға қатысқан барлық отбасылардың балаларына ойыншықтар сыйға тартылды.
Салтанатты шара барысында жеңімпаздарды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев құттықтап, отбасы институтының қоғамдағы ерекше орнына тоқталды. Оның айтуынша, отбасы – баланың тұлға ретінде қалыптасып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін алғашқы ортасы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, жауапкершілік, отансүйгіштік пен өзара қолдау секілді қасиеттер ең алдымен жанұя тәрбиесі арқылы қалыптасады.
«Отан отбасынан басталады» деген халқымыздың тағылымды сөзі отбасының қоғамдағы маңызын айқын көрсетеді. «Мерейлі отбасы» байқауы да жанұялардың берекесі мен бірлігін дәріптеп қана қоймай, қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Берік әрі тату отбасы – тұрақты қоғамның негізі. Себебі бала бойындағы жақсы қасиеттер ата-ананың өнегесі мен отбасындағы тәрбиеден бастау алады.
Ғани Майлыбаев байқауға қатысқан барлық жанұяларға ризашылығын білдіріп, олардың бала тәрбиесіне, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және отбасы құндылықтарын нығайтуға қосып жүрген үлестерін атап өтті. Өңірде кейінгі буынға өнеге боларлық, көпшілікке сыйлы отбасылардың аз еместігін де жеткізді.
«Мерейлі отбасы» байқауының басты мәні – үздік жанұяларды анықтап, оларды марапаттау ғана емес, отбасылық құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттау. Осындай өнегелі әулеттердің өмір жолы мен ұстанымы жас отбасыларға үлгі болып, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Отбасы берекесі мен бірлігі берік болған жерде ұрпақ тәрбиесі де мығым болмақ.
Г.Тұрлыбекова






