Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес

23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы – әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды саяси науқан.

Менің ойымша, сайлауға дайындық тек сайлау комиссияларының жұмысы ғана емес, әрбір тұрғынның да жауапкершілігі. Сондықтан дауыс беру күніне дейін өз сайлау учаскеңізді алдын ала анықтап, қажетті ақпаратпен танысып алған дұрыс. Бүгінде мұны интернет арқылы бірнеше минут ішінде жасауға болады. GOV.KZ порталындағы сайлау сервистері, сондай-ақ eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы әр азамат өзіне тиесілі сайлау учаскесінің мекенжайын оңай біле алады.

Ауданымызда сайлау туралы ақпарат тұрғындарға кеңінен жеткізілуде. Көшелерде, қоғамдық орындарда және ақпараттық тақталарда сайлау күні туралы еске салатын материалдар орналастырылған. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың ақпараттануын арттырып, олардың сайлауға қатысуына қолайлы жағдай жасау.

Меніңше, әрбір азамат сайлауға бейжай қарамауы тиіс. Өйткені әр дауыс – елдің ертеңіне деген көзқарастың көрінісі. Белсенді азаматтық ұстаным қоғамның дамуына оң ықпал етеді.

23 тамыз күні әрқайсымыз өз таңдауымызды жасап, азаматтық жауапкершілігімізді көрсетейік. Сайлауға қатысу – елдің болашағына қосылған ортақ үлес.

 

Әділ Қазбек Қаныбекұлы Тұздыбастау ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы