Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің еңселі белгісі

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Талғар қаласында салтанатты Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Елдік пен егемендіктің айшықты нышанына арналған мерекелік іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары белсенді қатысты.

Салтанатты рәсім Талғар қаласының кіреберісіндегі Ту тұғырында ұйымдастырылды. Таңғы сағат 09:00-де басталған іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Жиналған жұртшылық Әнұранды бірге шырқап, ел рәміздеріне деген құрметтерін білдірді.

Мемлекеттік рәміздер – кез келген тәуелсіз мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Олар елдің егемендігін, ұлттық бірлігін, тарихи мұрасын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны халқымыздың тәуелсіздік жолындағы қажырлы еңбегі мен асқақ рухының символы болып табылады.

Мерекелік жиын барысында қатысушылар Мемлекеттік рәміздердің маңызына тоқталып, олардың жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы бүгінде әлемнің көптеген елдерінде желбіреп, халықаралық жарыстар мен маңызды іс-шараларда еліміздің мәртебесін асқақтатып келеді. Көк Туымыздың ашық аспан түстес көгілдір болуы бейбітшілік пен бірліктің белгісі болса, оның ортасындағы алтын күн мен қыран құс тәуелсіздік пен еркіндікті бейнелейді. Ал ұлттық өрнек халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрінен сыр шертеді.

Іс-шараға қатысқан жастар Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету әрбір азаматтың парызы екенін айтып, олардың мәні мен маңызын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау қажеттігін жеткізді. Өйткені ел рәміздерін қастерлеу – Отанды сүюдің және ел болашағына жауапкершілікпен қараудың жарқын көрінісі.

Мемлекеттік рәміздер күні – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтатын, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын ерекше мереке. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы жастардың бойында патриоттық рух қалыптасып, туған елге деген сүйіспеншілік арта түседі.

Талғар қаласында өткен Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі де елдік пен егемендікті ұлықтаған маңызды шаралардың бірі болды. Салтанатты жиынға қатысушылар Қазақстанның көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, еліміздің мерейі үстем болсын деген ізгі тілектерін білдірді.

Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мақтанышы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Сондықтан оларды құрметтеу мен қастерлеу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы болып қала береді.

Г.Тұрсынқожа