JASTAR CAMP: Алматы облысында 500-ге жуық жас бас қосты

Алматы облысында 12-14 тамыз аралығында JASTAR CAMP жастар лагері өтуде. Қазақстанның барлық өңірінен келген 500-ге жуық жас бір алаңға жиналып, өзекті мәселелерді талқылауда.

Іс-шара барысында жастардың жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлік, білім беру, цифрландыру, шығармашылық және қоғамдық өмірге араласуы сияқты бағыттар бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.

Лагерь бағдарламасына көшбасшылық, коммуникация, командалық жұмыс, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық белсенділік бағыттарындағы практикалық сессиялар енгізілген. Қатысушылар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, түрлі саладағы тәжірибелерімен бөлісуде.

JASTAR CAMP аясында жас кәсіпкерлер, журналистер, педагогтер және қоғамдық сала өкілдері жастар үшін маңызды тақырыптарды талқылады. Кездесулер барысында білім алу, кәсіби даму, кәсіпкерлік, мәдениет және жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыру мүмкіндіктері сөз болды.

Атап айтқанда, кәсіпкер әрі инфлюенсер Әділ Тасболатов орта бизнесті дамыту және цифрландыру мәселелеріне тоқталды. Abay Life бас редакторы Балжан Ерланқызы «Дипломмен – ауылға» жобасының мүмкіндіктері туралы айтты.

Талғар ауданы Панфилово ауылының №17 мектебінің мұғалімі Мария Сеп оқу мәдениеті мен ұлттық құндылықтарға қатысты бастамалар жөніндегі пікірін білдірді. Сондай-ақ жастардың ұсыныстары тыңдалып, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы жөніндегі ойлар ортаға салынды.

Лагерь аясында жастардың пікірін еркін жеткізуіне арналған арнайы алаңдар жұмыс істейді. «Әділ Podcast» медиа-аймағында білім беру, мансап, кәсіпкерлік, жастар саясаты және елдің болашағы тақырыптарында пікірталастар ұйымдастырылуда.

JASTAR CAMP жастардың тәжірибе алмасуына, жаңа байланыстар орнатуына және өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісуіне мүмкіндік беретін алаң ретінде ұйымдастырылған.