Алматы облысында Бикен Римова атындағы драма театрда Мұқан Төлебаев атындағы V Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауы өз мәресіне жетіп, салтанатты гала-концерт өтті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Дәстүрге айналған рухани шараны Алматы облысы әкімдігі, Алматы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Шараға екі аталым бойынша 52 вокалист,30 дирижер қатысып, 22 мамыр күнгі іріктеу турына 21 вокалист, 17 дирижер өткен болатын. 23 мамыр күні ақтық сынға 11 вокалист, 10 дирижербақтарын сынады.
Осылайша, дирижерлар байқауы бойынша лауреат атанып, бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Руслан Баймурзин жеңіп алды. Ал, вокал номинациясы бойынша қызылордалық дарын иесі Азат Мәліктің алдына түсер ешкім болған жоқ.
Дирижерлер арасында арнайы жүлдемен (20 000 теңгені) Алматы облысынан Жексембаев Самат, Астана қаласынан Сарыбай Берік пен Атырау облысынан Джумашева Сая жеңіп алды. Дәл осы номинация бойынша жүлдемен астаналық вокалистер арасында Избамбетов Алмат пен Жетісу жерінен Мырзабеков Бауыржан да марапатталды.
ІІІ орын мен 200 000 теңге көлеміндегі жүлдені дирижерлер арасында алматылық Әбдіберікұлы Бекболат, Талдықорған қаласынан Есбергенов Медет, Шымкент қаласынан Исмаилов Қуаныш жеңсе. Вокалистердің ішінен осы марапатпен алматылық Сәдуақасов Дамир, Алматы облысынан Малибекова Мадина иеленді.
Ал, жүлделі 300 000 теңге сыйапатымен ІІ орынды вокалистер арасында Алматы қаласынан Баркенов Балуан мен Көшкенбаев Дінмұхамед жеңіп алса, дирижерлер арасынан АҚШ-тың Канзас қаласынан келген Садиков Шохрух қанжығасына байлады.
І дәрежелі диплом мен 6 00 000 теңгені дирижерлер арасынан Қостанай облысынан Оразалин Берік Ерназарұлы мен Мәскеу қаласынан келген Лоботая Анастасия Александровна ұтса, вокалистер арасынан Ташкент қаласынан келген Пиязов Ақылбек пен Нұр-Сұлтан қаласынан Алдадосова Гүлдана Әділгерейқызы жеңімпаз атанды.
Алматы облысы әкімінің тікелей қолдауымен өтіп жатқан байқаудың деңгейі жылдан-жылға артып келеді дейді, ұйымдастырушылар. Бұл жолы өнерпаздарды бағалайтын қазылар алқасына халықаралық деңгейдегі білікті мамандар шақырылды. Қазылар алқасының мүшелігінде Өзбекстан Республикасының халық әртісі, профессор, дирижер Фарух Сыдықов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, Гнесин атындағы Ресей музыка академиясының оркестрмен дирижерлау кафедрасының меңгерушісі, профессор Ворон Борис Сергеевич, АҚШ Мобил Университетінің фортепиано кафедрасының меңгерушісі, музыка ғылымдарының докторы Хадиша Оңалбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, дирижер Әли Алпысбаев және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов сынды музыка саласының майталмандары байқау қатысушыларының өнерлерін саралады.
Талғар-ақпарат