Алматы облысында «Мерейлі отбасы» байқауы өтті

Алматы облысында  «Мерейлі отбасы» байқауы өтті

Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде жаныңды жадыратар тағы бір іс-шара болып өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Мерейлі отбасы» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Мерейлі отбасы»  ұлттық байқауы Талдықорғанда осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отыр.

Шараның мақсаты — отбасында өзара келісім мен рухани  сыйластықты нығайту. Бір шаңырақ астындағы берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру. Көп ұлтты еліміз үшін мұндай шараның мәні зор. Биылғы облыстық байқауға барлығы 36 отбасы қатысып, бағын сынады.

Игі шаранының шымылдығын  Алматы облысының әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы  ашты.

«Отбасы – дегеніміз, ол -әр адамның жылылық пен мейірімге толы киелі бесігі, қасиетті шаңырағы. Біздің Жетісу жерінде ғасырлар бойы ұрпақ сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып келеді. Ел ішінде құрметке бөленген, ардақты, өнегелі отбасылар баршылық. Сондықтан жыл өткен сайын «Мерейлі отбасы» байқауының мәні артып келеді. Бүгінгі байқауға қатысып, дара шыққан отбасыларды – Жетісу жерінің, қазақ елінің мақтанышы деп білемін. Байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, шаңырағы биік, керегесі кең болсын»,-деген жылы лебізін білдіріп, байқау жеңімпаздарын марапаттады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде  үшінші орынға үш отбасы ие болды. Олар:

Еңбекшіқазақ ауданынан Әлімбековтер отбасы. Әлімбеков Құлжабай өмірінің соңына дейін мал шаруашылығымен   айналысқан. Отанасы Тұрсынбаева Азизхан «Алтын Алқа» иегері, «Ветеран труда» медалі, «Материнская слава» ордені, «Мать героиня» медальдарымен наградтталған. Отбасында 7 ұл, 2 қыз, 31 немере, 21 шөбере бар.

Екінші отбасы Кеген ауданынан келген — Әлдибековтер. Әшірбек ата соғыс кезінде тылда ерен еңбек көрсеткен. Зейнетке шыққан соң ауыл ақсақалдарының төрағасы, облыстық, аудандық, ауылдық шаралардың басы-қасында жүріп келеді. Адал еңбегі үшін 10 рет мерекелік медаль, «Тыл және еңбек ардагері» орденімен, 5 рет аудандық, облыстық «Құрмет» орденімен, сонымен қатар Республикалық ардагер кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Жары Әбдіхалықова Жұмагүл апа екеуі 6 ұл, 4 қыз өсіріп,ержеткізген.

Үшінші орынды иеленген үшінші отбасы — Талғардан келген Күшбаевтар әулеті. Марат пен Гүлнәз жас та болса қиындықтан қорықпай, бала санын шектемей, көпке үлгі болып келе жатқан отбасы. Олар 10 бала өсіріп, тәрбиелеуде. Он бірінші бала ағымдағы жылы дүниеге келеді деп күтуде.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аймақтық кезеңінде екінші орынды үш отбасы жеңіп алды.

Бірінші отбасы Жамбыл ауданынан қатысқан Сембиевтер. Отбасында 3 ұл, 7 қыз тату-тәтті өсіп келеді.

Келесі екінші орын иегері Ескелді ауданынан — Қасеновтер отбасы. Айтбай Қасенов «Ескелді ауданының Құрметті азаматы». Отанасы Күнтәй «Победа» ұжымшарында қызылшашы болып жұмыс істеген. Отбасында 6 ұл, 6 қыз тәрбиеленуде.

Екінші орын алған үшінші отбасы Алакөл ауданынан келген Зуевтер отбасы. Алик пен Амансұлу Көлбай ауылының ауылшаруашылық жұмыстарының майталманы. Олар 3 қыз, 3 ұлды ержеткізіп келеді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бірінші дәрежелі дипломы екі отбасыға бұйырды.

Балқаш ауданынан Қыстаубаевтар отбасы. Қыстаубаев Әбдіжаппар 1999 жылы «Октябрьдің 50 жылдығы» савхозы базасында «Бірлік»Акцонерлік қоғамын құрған. Осы ұжымда қазіргі таңда 330-дай адам еңбек етуде. 2018 жылы Бірлік ауылында ескі қонақ үй ғимаратын жөндеуге, жаттығу залын ашу жұмыстарына 2 млн.теңгеге демеушілік еткен. Қандас бауырларымызды Монғолия және Қарақалпақстан елінен елге тартып, 50 отбасын баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. 7 көп балалы отбасыға 19 млн.теңгеге алынған 7 үйдің кілтін табыстады. Бүгінде Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің «Құрметті профессоры». Облыстық мәслихаттың «Құрметті депутаты», облыс және Балқаш ауданының «Құрметті азаматы». Бақытты жанұя 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 10 немеренің қызығын көруде.

Бірінші орын алған келесі-Кербұлақ ауданынан Ақбасовтар отбасы. Ақбасов Баясыл Ерасылұлы-ауыл шаруашылық өндіріс кооперативінің төрағасы.  Жыл сайын 4,5 млн-ға көп балалы және тұрмысы төмен екі отбасыға үй сатып алып береді. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін аталған отбасыдағы  32 балаға 15 000 теңгеден көмек үлестірген. 2 жыл қатарынан  балалар күніне орай, «Қуанса, бала қуансын»  шарасында 1 млн 800 мың теңгеге мерекелік сыйлықтар табыстады. Отанасы Ақбасова Ғалия Ниязқызы 1979-2017 жылдарда Кербұлақ ауданында ұстаздық еткен. 2019 жылдың  ақпан айында өткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен Әлеуметтік қамқорлыққа 10 қадам атты «НұрОтан» партиясының  XVIII сьезінде көпбалалы аналар атынан сөз сөйледі. Оқылған  баяндама негізінде Республика бойынша 5 наурыз «Аналар кеңесі күні» деп белгіленді. Бүгінде 3 ұл, 2 қыз, 11 немерені тәрбиелеп өсірген отбасы.

Марапаттау соңында байқауға қатысқан отбасылар атынан Ғалия Ақбасова    сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын арнады. «Қазақ ежелден бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ұл-қызының  қайырымды, көпшіл болып өсуіне мән берген. Облысымыздың әкімі Амандық Баталовқа осындай шара өткізгені үшін алғыс білдіремін. «Баланы бесіктен, келінді есіктен» деген нақыл бар. Өсірген балаларымыз саналы болсын. Барлық отбасының бақыты арта берсін», -деді ол өз алғысында.

Айта кетейік, шараның жалғасы республикалық деңгейде өткізіледі. Оған бірінші орын алған екі отбасы да қатысады. Дауыс беру СМС-хабарламалар және интернет-ресурс арқылы интерактивті негізде жүзеге асады.  Ендеше облыс атынан шығатын Қыстаубаевтар және Ақбасовтар отбасына сәттілік демеу болсын демекпіз.

Талғар-ақпарат