Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасы отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Бақыт жанында» жобасының бастау алатындығын жариялап, Алматы облысы Мемлекеттік қызметкерлерінің отбасы слетін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді. 1993 жылдың 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 15 мамырда атап өтілетін Халықаралық Отбасы күні мерекесін бекітті. Осылайша, Отбасы күні Қазақстанда атаулы күн ретінде тойланып келеді.
«Отбасы – отансүйгіштік құрмет және береке-бірліктің қайнары. Яғни, кез-келген зиялы қоғамның алтын діңгегі. Жанұялық жақсылықтарды дәріптеу мақсатында облыс орталығы Талдықорғанда «Бақыт құшағында» жобасынан бастау алған отбасы слетін өтізу жоспарда. Оған ерлі-зайыпты екеуі де мемлекеттік қызмет істейтін 20-дан астам отбасының мүшесі қатысады деп күтілуде. Нақтырақ айтсақ, шараға қатысатын жұптардың арасында жаңадан шаңырақ көтерген жастар да, үйленгеніне 30 жыл толған егде жастағы адамдар да бар. Шара барысында отбасылық жағдайда туындайтын мәселелер төңірегінде орамды ой қозғалып, талқы ұйымдастырылмақ. Осы арқылы жас жұбайлар аға буын өкілдерінен үлгі алып, жанұялық береке-бірлікті бекемдеп, ата-бабадан жалғасып келе жатқан асыл қасиеттерді сақтауға ықпал ету» -деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жадыра Амангелдіқызы.
Айта кетейік, 2019 жылғы статистика бойынша Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерінің саны 7498 адамды құрайды.Оның ішінде 332 ерлі-зайыптылардың екеуі де мемлекеттік қызметші болып табылады.
Талғар-ақпарат