ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына байқау жарияланды

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына байқау жарияланды

Талдықорғанда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында, Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме байқауына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.

Баспасөз мәслихатына  Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Әсет Шаяхметов,  «Dolce Pharm» бренділі «Dolce Group» ЖШС Директорлар кеңесінің төрайымы Елена Ли мен «Alugal» ЖШС бас директоры Анар Көкенова қатысты.

Байқаудың басты мақсаты – отандық өндірушіні қолдау, отандық тауар мен қызмет сапасының жоғарылауына, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекелік қабілеті мен сапа идеясы танымалдығының артуына ықпал ету.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Әсет Шаяхметовтың айтуынша, екі байқау да қазақстандық өндірістің сапасын танымал ету үшін өткізіледі. «Қазақстанның үздік тауары» байқауында кәсіпорын белгілі бір өнімді ұсынып, басқа компаниялармен тауарлар арасында бақ сынасады. Ал «Алтын сапа» байқауында кәсіпорындардың бизнес-үрдістері мен менеджмент жүйесі бағаланады.

Бүгінде байқауға 30-дан астам кәсіпорын қатысуға ниет білдірген.

«Байқауға қатысуға деген қызығушылық пен танымалдылық жылдан жылға артып келеді. Оны жыл сайын бізге түсетін өтінімдер санымен бағалауға болады. Байқауға қатысу мен онда жеңімпаз атану — компанияның сапалы, бәсекеге қабілетті және тиімді менеджменті қалыптасқан екенін көрсетеді. Кәсіпорындар үшін бұл байқау – өзінің қызметін, басымдықтары мен өндіріс технологиясын таныту мүмкіндігі екенін атап өту керек. Екіншіден байқау барысында атқарылған жұмысына  кемшілік алған кәсіпкерлер өз қателерін   түзеуге мүмкіндік алады », — деді «Alugal» ЖШС бас директоры Анар Көкенова.

Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халық тұтынатын үздік тауар», «Үздік азық-түлік тауарлары» сияқты үш номинация бойынша жүргізіледі.  Әрбір номинацияда үш-үштен жеңімпаз таңдалынады.

Сондай-ақ, «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауына өтінім электронды түрде www.altynsapa.kz сайты немесе қағаз түрінде өткізуге болады. Байқауларға қатысу шарттарын кеңінен түсіндіру мақсатында Кәсіпкерлер палатасында 29 мамыр күні оқыту семинары ұйымдастырылады. «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңін өткізу маусым айының соңына жоспарланған. Онда әділқазылар алқасы 9 жеңімпазды анықтайды. Олар өз кезегінде республикалық байқауға қатысуға жолдама алады.

Еске салайық, өткен жылы «Алтын сапаға» республика бойынша 182 кәсіпорын қатысып, оның 9-ы жеңімпаз атанды. Соның ішінде Алматы облысының екі компаниясы — алюминий профильдерін шығаратын «Alugal» мен балық өнімдерін шығарумен айналысатын «Рыбпром» кәсіпорны президент сыйлығын алды.

Талғар-ақпарат