Қасиетінен нәр алған,
Топырағынан жаралған.
Армысың, қайран Жетісу,
Алыптар шыққан ауылдан,-деп домбырасын күмбірлеткен айтыс өнерінің жүйріктері Жетісу төрінде ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен республикалық жоба «Ұлы Дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» атты концерт берді.
Ұлттық өнерді дәріптеу, айтысты аңсаған көрермендердерге рухани азық беру мақсатында ұйымдастырылған концерттің шымылдығын Айнұр Тұрсынбаева ашты.
Балғынбек балан келіп тұр,
Намысты қолдан бермеген.
Жандарбек жарық жұлдыз ғой,
Маңдайда бағы сөнбеген.
Сарадай қызын келіп тұр,
Ел-жұртын жырмен тербеген.
Ай менен Нұрдан жаралған,
Аққуын едім мен деген,
Төртеу болып жүрсе, төрт ақын,
Төрт құбыласы тең деген.
Маңдайдағы біткен бақ шығар,
Бізде де арман жоқ шығар
Көктемнің күні қауышқан,
Сіздердей текті елменен ,-деп жырынан шашу шашты.
Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысова концерттік көрініспен яғни, сыңсу әні мен қыз ұзатса, «Елордада жүрсемдағы, Жетісу, сенсің менің жүректегі Астанам», -деп шыққан Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашев беташар жасап, көрермендерге сәлем салғызды.
Алатаудың бөктерінде, Жетісудың хақ төрінде дүниеге келген қос азаматтардың концерт беруі өмірге келген күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Республиканың түкпір-түкпірін араламас бұрын туған жерінен, үлкендерінен бата алуды жөн санап,концертімізді Талдықорған қаласынан бастау алуды жөн санадық,- деді Б.Имашев.
Игі шарадан түсетін қаржыны ақындар қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарған.
«Мейірім танытпаған мейірімге бөленбейді дегендей, осы кештен түскен қаражатқа баспана сатып алдық. Осы қонысты бес баласымен тіршілік таршылығын татып жүрген Еркін Тәңірбергенов атты азаматтың отбасына табыс еткелі отырмыз», — деген Б.Имашев кілтті салтанатты түрде үй иелеріне табыс етті.
«Осы қуаныш көктен түскен нұрдай әсер етті. Кештің қонағы болыңыз деп билет берген. Үйлі боламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Елім, жерім деген қазақтың ақындарына алғысым шексіз», — деп қуанышын жеткізді жаңа үйдің иесі.
Шара соңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев Талдықорған тұрғындарына концерттік бағдарлама тарту еткен төрт айтыскерге аймақ басшысы Амандық Баталовтың Алғыс хатын табыс етті.
Сондай-ақ, белгілі айтыскер Балғынбек Имашевқа Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілді.
Айта кету керек, республикалық тур 22-і қаланы қамтитын болады. Ал 1 мамыр күні Алматы қаласындағы «AlmatyArena» мұз айдында айтыскер ақын Балғынбек Имаш өнер жолының жиырма бес жылдығына арналған мерекелік концертін өткізеді.
Балжан Жұманбекова,
Алматы облысы.