Cу шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану өте маңызды. Өйткені қазір су тапшылығының артуы, жер асты және жер үсті суларының ластануы, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету күрделі мәселеге айналып отыр.
Елбасы тапсырмасымен 2020 жылы ауылдық елді мекендердің 80 пайызын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу міндеті қойылған.
Осыған сәйкес аталған мәселелердің шешімін табу үшін Алматы облысының қоғамдық денсаулық сақтау Департаменті арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 85 елді мекен орталықтандырылмаған су жүйесімен қамтылған. 3 мыңнан аса су құбырына және 2 мыңнан аса орталықтандырылмаған су көздеріне бақылау орнатылса, 24 мыңнан аса су көзіне түрлі сынамалар жасалынған. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.
«Бүкіл жер шарын алаңдатқан су мәселесі біздің елімізде де өзекті. Әсіресе, халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жіті бақылауда. Ел тұрғындарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы қабылданып, Алматы облысындағы бірқатар елді мекендерге ауыз су жеткізілді. Бүгінгі күні Алматы облысы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылуы жағынан басқа облыстармен салыстырғанда алдынғы орында тұр»,-деді Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.
Сондай-ақ Алматы облысында 3 жылдың (2017-2019ж) көлемінде тұрғындар арасында 4 шағым тіркелген. Олар Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары. Негізгі шағым су сапасына, су құбырларының санитариялық-техникалық жағдайына және ауыз судың болмауы, сағатпен су берілуінде екені анықталған. Шағымдар толықтай тексеріліп, анықталған кемшіліктер бойынша су құбыры жүйелерінің иелеріне әкімшілік айыппұл тағылып, шағым нәтижесі оң шешімін тапты.
Талғар-ақпарат