Алматы облысында жеке кәсіпкерлер көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды қуантуды жалғастыруда. Кербұлақ ауданында наурыз мерекесі қарсаңында бастау алған қайырымды іс-шара жалғасын тауып, тағы да көп балалы 2 бірдей отбасы үйлі болды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Баспананың бірін Қоғалы ауылдық округінің «Ақмарал» жеке шаруа қожалығының басшысы Бураханов Болат өз атынан жомарттық танытып, көп балалы ана Қыстаубаева Айнұрға 4 бөлмелі үй сыйлады.
«Балаларымның арманы орындалды, біз үшін баспана басты мәселе ғой. Осы уақытқа дейін бес баламен үйсіз, пәтер ден пәтерге көшіп жүргенмін. Осындай жомарт жандардың жақсылығының арқасында, енді міне өзіміздің шаңырағымыз бар. Мен өте қуаныштымын», — дейді жаңа баспана иесі.
Дәл осындай қуанышқа Көксу ауылының тұрғыны, алты бірдей баланың анасы Меруерт Доланбекова кенелді. «Абыхан» жеке шаруа қожалығының басшысы Серік Абықанов 4 бөлмелі үйді өзі сатып алып, анаға сыйға тартты.
«Ауданымызда көп балалы аналар саны аз емес, солардын бірі алты баланың анасына үйдің кілтін табыстап отырмын. Өңірімізде басталған мұндай қайырымдылықтар әрі қарай жалғасын тауып, қазақтың әр-бір батыр аналарының көңілі тоқ болсын», — дейді жеке кәсіпкер.
Қуанышында шек болмаған аналар мейірімді жандарға шексіз алғыстарын жеткізіп, жанарларына жас алды.
Талғар-ақпарат