Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінде қылаң еткенді қағып алып, көрермен және оқырманға жеткізетін қырағы көз кәсіби фотографтар марапатталды.
Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Суретшілер және бейнетаспагерлер одағының» ұйымдастыруымен өткен байқауға қатысу туралы өтініш бір ай бұрын қабылданған. Байқауға өтінім білдіргендер көп болғанымен, комиссия мүшелері байқау талабына сай 6 номинация бойынша, 18 үміткердің 58 жұмысын жарамды деп таңыған.
Ел көзіне көп еленбесе де еңбегі тарихта тайға таңба басқандай айқын қалатын тарихи сәтті таспаға түсіріп, оны көркем туындыға айналдырудың өзі үлкен еңбек. Сол еңбектерді бағалау үшін қазылар алқасының құрамына Алматы облысының танымал әрі беделді фотосуретшілері кірген.
«Байқау Жетісу аймағының көрікті жерлерін, тарихи және архитектуралық ескерткіштерін, тұрғындарды және олардың сүйікті орындарын көрсету, рухани мәдениеттілікті қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға профессионалдар ғана емес, әуесқойлар және фотосурет түсіруді жаңадан бастап жүрген фотосуретшілер қатысты»,-дейді «Суретшілер және бейнетаспагерлер одағы» төрағасының орынбасары Сергей Щербаков.
Айта кету керек, жүлделі орындар әр номинацияға өткізілген жұмыс санына қарай бөлінген. Мәселен I-ші және II- ші орынды «Балалар портреті», «Қазіргі сәтті байқау» және «Табиғат пейзажы» номинацияларына берілсе, қалған үш номинацияға тек бірінші орындар ғана берілді. Және 12 қатысушы қатысқаны үшін бағалы сыйлықпен, дипломдармен марапатталды.
Талғар-ақпарат