Ержүректік пен ерлік, батырлық пен қайсарлық тек соғыс сағатында ғана сомдалмайды.
Күнделікті өмірдің кез келген сын сәттерінде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен жандар осы қасиеттері арқылы талай жүректерге от тастап, намысын найзағайдай ойнатады, рухты оятады. Жетісу жерінде батыр азаматтарымыз жетерлік. Алайда есімдері елге танымал болмай, ұмыт қалғандары қаншама. Сол есімдерді жаңғырту, танымал ету, ерліктерін білу мақсатында «Жетісудың жеті батыры» атты жоба ұйымдастырылды. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.
«Бұл күнде қайсарлық танытатын азаматтар кемде- кем. Бірақ, көпке топырақ шашуға да болмайды. Өз өмірін ойланбастан басқа азамат үшін қиып, қол ұшын созатындар да жетерлік. Тіпті, өмірден озғандарда қаншама. Сондай игі істерді атқарған азаматтарымыздың ерен еңбектерін жаңғырту мақсатында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен байқау ұйымдастырдық»,-дейді жоба авторы Сандуғаш Дүйсенова.
Байқауға үміткер ретінде Алматы облысының 12 жастан бастап
бейбіт заманның батыры ретінде көзге түскен азаматтардың өтініштері қабылданады. Номинация жеңімпазы атану үшін үміткерлер белгілі бір бағытта жетістіктері болуы шарт. Жалпы алғанда, сыйлыққа ұсынылу үшін республика, облыс және аудан көлемінде ерлігі дәлелденген азаматтар қатыса алады.
Жоба 7 номинациядан тұрады:
- «Ер жүрек»
- «Ерлігі үшін»
- «Жүректен жүрекке»
- «Қаһарман қыз»
- «Кейіпкер»
- «Халық батыры»
- «Жанған жұлдыз»
Байқау жеңімпазы Алматы облысы әкімінің «Жетісу жеті батыры» сыйлығымен марапатталатын болады.
Айта кетейік,Конкурсқа қатысу туралы өтініш 15 сәуірге дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты 87471997604 нөмірнен біле аласыздар.
Талғар-ақпарат