Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Үкімет мүшелерінің қатысуымен Қазақстан халқына ант берді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елімізді қалыптастыруға және өркендетуге, сондай-ақ елордамыз – Астананы тұрғызуға сіңірген зор еңбегіне айрықша тоқталды.
– Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем тарихына аса көрнекті реформатор ретінде енді. Ол Қазақстанды дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылған заманауи әрі озық мемлекетке айналдыра білді. Оның экономикалық және саяси реформалары мемлекеттік сындарлы саясаттың символы болды, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әрі жауапты қызметті атқара отырып, Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыра беретінін айтты.
Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі табыс етілді.
Талғар-ақпарат