«Гүлсанат» би тобының есептік концерті

«Гүлсанат» би тобының есептік концерті

Жақында халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс-салтымен біте қайнасып келе жатқан, ел мұрасы болып табылатын би өнерін дәріптеп жүрген сұлулық пен бекзаттығымен ерекшеленетін «Гүлсанат» би студиясының есептік концерті өтті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз Наурыз тойы қарсаңында ауданымыздағы мәдениет үйіндегі мерекелік кешке ақын, сазгер, «Платиналық тарлан» сыйлығының лауреаты Исраиыл Сапарбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәли, ҚР мәдениет қайраткері Болат Әшірбаев, «Таймас» баспасының редакторы Ерсінбай Манашев, эстрада жұлдыздары мен халық тамашалауға келген. Мерекелік кештін жүргізушілері «Шалқар» радиосының жүргізушісі Гүлмира Нәлібай мен «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Берік Көшербекұлы болды.

Концертің шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова жиналғандардың барлығына жылы лебізін білдіріп, өнер мектебінің түлектері мен ұстаздарын, ата-аналарын шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ, мәдениет саласын дамытуға, жас ұрпақты би өреніне тәрбиелеудегі еңбегі үшін «Гүлсанат» би студиясының көркемдік жетекшісі Ләззат Садуақасоваға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің атынан Алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. Сонымен қатар, Байғали Есенәли пен Болат Әшірбаев та «Гүлсанат» би тобына тамаша кешті ұйымдастырғаны үшін алғыстарын айтып, толағай табыс тіледі.

Мерекелік кеш халық билерімен басталды. Көздің жауын алатын сәнді ұлттық нақыштағы костюмдер, әдемі би қимылы, әр элементке баса назар аударып, шеберлікпен орындау биді түрлендіріп, көрермендерін баурап алды. Бір-бірінен өткен әр би нөмірі кеш қонақтарының таңдайын қақтырып, ерекше әсер етті. Сонымен қатар, концерт барысында Жанар Айжанова, Алмат Сақатов, Раман Майғазиев, Ермек Мұқатай, «Жебе», «J&S», «Үшқоңыр» топтары сияқты әншілер мен топтар кешке арнайы келіп, өнерлерін көрсетті.

Концерттің соңында дәстүрлі гүл шоғын тапсыруға кезек берілді. Мұнан кейін сахнаға «Гүлсанат» би тобының көркемдік жетекшісі Ләззат Садуақасова мен барлық қатысушылар шығып, Болат Әшірбаевтың осы топқа арнайы жазып берген гимін орындады. Көрермендер өнеріне тәнті ансамбльдің концертінен жақсы көңіл-күймен, оң эмоциямен қайтты.

Лық тола залды жинаған  ансамбльдің есептік концерті  жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті. Концертке жиналған қауым бишілердің шыңдалған шеберлігінің куәсі болды,  ұлттық билер мен жалынды  әуен-саз, әдемі өрнектелген ұлттық костюмдер көпшіліктің көңілінен шықты.

Талғар-ақпарат