Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан Шарын шатқалында бұрын соңды болмаған, құны 1,5 млрд. теңге болатын, әлемдік стандарқа сай «Park Canyon» ойын сауық паркінің құрылысы осы жылы басталмақ, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Кеген ауданының әкімі Талғат Байедиловтың айтуынша, бұл жоба таулы аймақтың туристік әлеуетін айтарлықтай көтермек.
«Құрылыс жұмыстарын жүргізуге 24 га жер телімі бөлініп отыр. Осы жылы бірінші кезекте 700 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары басталады. Жоба іске қосылған жағдайда, жылына орта есеппен 375 млн. теңгеге ақылы туристік қызмет көрсететін болады. 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, бюджетке жылына 47 млн.теңге қаражат түсіреді деп жоспарлап отырмыз», — дейді аудан басшысы.
Сонымен қатар, бұл нысан жанынан үш бірдей аспалы көпір салынады. Шатқалдағы бұл өткелдің ұзындығы 200 метр болса биіктігі 80 метрге жетеді. Мұнда, 40 адамға арналған қонақ үй тұрғызу жоспарда тағы бар.
Талғар-ақпарат