Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол 2018 жылдың қорытындысы негізінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыттары бойынша қол жеткен жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттер туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, баспасөз мәслихатында 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасындағы негізгі көрсеткіштер толығымен орындалып, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім қарқыны сақталғаны бейнеролик арқылы көрсетілді. Аудан әкімі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, сондай-ақ, білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, қоғамдық тәртіп күшейту салаларындағы атқарылған жұмыстар мен түйінді мәселелерді толығырақ баяндап берді. Ауыл шаруашылығында былтырғы жылмен салыстырғанда өнім көлемі 5 млрд.теңгеге артып, 47 млрд. 776 млн. теңгені құрады. Мәселен, былтыр ауданда 47 мың 302 тонна сүт, 101 млн. 239 мың дана жұмыртқа өнімдері өндірілген. Ұзынағаш ауылында 1 млрд. 231 млн. теңгеге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы «BI Group» ЖШС 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталды. Бұл нысан 2019 жылдың 1 қыркүйегіне пайдалануға беру жоспарлануда. Биылғы жылы «Финансовый Партнер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шолаққарғалы ауылдық округіндегі 15 гектар жерге жобалық құны 6 млрд. 500 млн. теңге тұратын жылдық қуаттылығы 4 мың тонналық жылыжай кешенін салу жоспарланса, ал қуаттылығы 8 мың тоннаны құрайтын «Империя фуд» ет өңдеу зауыты алдағы уақытта іске қосылатынын айтты.
Аудан әкімі қорыта келгенде, «Біздің алдағы басты міндетіміз – қолда бар әлеуетті толық пайдаланып, «Қазақстан – 2025» стратегиясының негізінде Елбасы айқындап берген 2019 жылғы жұмысымыздың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу болып табылады» деп айтты.
Талғар-ақпарат