АРМАНЫ АСҚАҚ АЙДОС

АРМАНЫ АСҚАҚ АЙДОС

Талғар гуманитарлық-экономикалық колледжінің «Бастауыш сынып мұғалімі» бөлімінің 3-курсында оқитын
тоғызқұмалақ ойынынан Қазақстанның жастар арасындағы үш дүркін күміс жүлдегері Айдос Бегланұлы есім-ді бала болашағынан үлкен үміт күттіретін студенттердің бірі. Жас кезінен Алматы қаласындағы Николай Островский атындағы зағип балаларға арналған мектепинтернатында оқып, сол жерде ерекше зейінімен, өмірге деген құштарлығымен өзін көрсете білген Айдостың жан-жақты кемелденіп өскені бірден байқалады.
Колледждегі қазақ тілі жəне əдебиеті пəнінің мұғалімі, əрі ұстаз-жетекшісі Лəйлə Абызова екеуі құрастырған «Тоғызқұмалақ ойын ережесі» кітапшасы бұл күндері жас тоғызқұмалақшылардың осы ойынға деген құштар-лығын арттыруда. Айдос бұл еңбегінде тоғызқұмалақтың ойын ережесі, тақтаның құрамы, тұздық алу ережесі мен ойын үстіндегі əрбір баланың ой қабілетінің ұшқырлығы өте маңызды екенін егжей-тегжейлі баяндап берген. Өмірге құштар Айдос қолы бос уақытында кітап оқумен айналысатынын, оған жазушы Сəбит Мұқановтың «Ботагөз», Əзілхан Нұршайықовтың: «Махаббат қызық , мол жылдар», Бердібек Соқпақбаевтың: «Менің атым Қожа» кітабы өте ұнағанын айтады. Жас дарын 2016 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан
чемпионатында екінші орын алса, 2017 жылы Атырауда өткен республикалық турнирде Алматы облысының құрама командасының сапында ойнап, бас бəйге алған. Ал, 2018 жылы Шымкент қаласында өткен жарыста жекелей біріншілікте күміс жүлдегер атанған. Қазір оны үлкен додаларға тоғызқұмалақтан халықаралық
дəрежедегі спорт шебері Фарида Əуесбаева дайындап жүр. Осы жылдың сəуір айында Астана қаласында жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтпек. Оның арманы – осы бəсекеде топ жару. «Биыл колледжді бітірген соң тоғызқұмалақтың ойын ережесі туралы тереңірек зерттеп, ұлттық ойынның өте ерекше ойын екенін дəлелдеп, сол туралы анықтамалық еңбек жазсам деген ойым бар», – дейді ол. Түбі осы спорттың Талғар ауданында өркендеп өсуіне өз үлесін қосып, жеке үйірмелер ашсам деген арманы бар екенін де жайып
салды. Арманыңа жет, Айдос!

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».