Өткен жыл барша Кербұлақ ауданының тұрғындары үшін табысты жыл болып, экономикалық және әлеуметтік салаларында, бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды. 2018 жылды қорытындай келе экономиканың барлық салаларында өсім қарқыны тұрақты және табысты болды. Толығырық тоқтала өтсек, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 млрд 889 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайыз болды, -деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Кербұлақ ауданының әкімінің айтуынша, өңірде өнген жұмыстар легі көңіл көншітерліктей болған. Нақтырақ айтар болсақ, әлеуметтік-экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту және т.б тапсырмалар турасында жұмыстар атқарылған.
«Өткен жылды қорытындылай келгенде, ауылшаруашылық өнімдері 33 млрд. 38 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,3 % болды. Ағымдағы жылдың есебіндегі 25 мың гектар алқапқа, күздік бидай себіліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Бүгінгі таңда ауданда 8 ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Биылғы жылы ауданда суармалы алқапты қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар өз бастауын алады», — деді ол.
«2015-2019 жылдарға арналған аймақтарды индустрияландыру картасы» бағдарламасына 1 жоба енгізілген. «Ала-Цем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент өндіру зауыты жылына 1 млн. 200 мың тонна цемент шығара отырып, 400 адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтиды деп көзделіп отыр.
Кербұлақ ауданы — аграрлы аумақ болғандықтан, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісін дамыту мақсатында, ауылшаруашылық саласында тиімді шаралар қабылдануы тиісті. Осы ретте, «Матай», «Талдыбұлақ», «Жаманбұлақ» су тоспалары, «Енкөл-Аралтөбе» су қоймаларының жұмысы қайта қалпына келтірілуі керек екені айтылды. Одан бөлек, оның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге мемлекет есебінен 71 млн. 472 мың теңге қаражат бөлінгені жеткізілді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2018 жылы 8 млрд 102 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда, 3 есеге өсіп, нақты көлем индексі 2,8 есеге ұлғайған. Ауданның 13 ауылдық округтерінде, қызметтік үймен қосарланған учаскелік полиция пунктерінің құрылысы аяқталып бітті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында, Сарыөзек ауылындағы жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген 124 га жер телімінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға 258 млн. 761 мың теңге бөлініп, ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Сарыөзек ауылында салынатын 18 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысы мен коммуникациялық желілерін жүргізуге, және абаттандыру жұмыстарын бастауға жалпы соммасы 226 млн. 400 мың теңге қаржы бөлінді.
Білім саласына да баса назар аударылып келеді. Көксу ауылдық округіне қарасты Қосағаш ауылындағы 80 орындық орта мектептің құрылысына 100 млн. теңге, Сарыөзек ауылындағы «Өнер мектебі», орталық стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
«Бөлінген қаражаттың шеңберінде бірқатар елді мекендердің ауыз су, жарық мәселелері шешіліп, тас жолдары жөнделді. Биылғы жылғы жоспарымызға сай, осындай істер алдағы уақытта да жалғасын табады»,- деді аудан әкімі.
Талғар-ақпарат