Алматы облысының Панфилов ауданындағы Өсек өзеніне 4 су электр стансасы салынады. Қытай инвесторларының қолдауымен жүзеге асатын жоба іске қосылғаннан кейін 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ, — деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі «Егемен Қазақстан» — ға сілтеме жасап.
— Ауданымызда әрқайсысының қуаттылығы 6 мВт жалпы 24 мВтты 4 ГЭС каскады құрылысын салу жоспарлануда. Жоба құны- 10,2 млрд.теңгені құрайды. Сонымен қатар, Чехия мемлекетінің инвесторлары су бұру каналдарынан контейнер типті қуаттылығы 1 мВт ГЭС каскады құрылысын салуды жоспарлап отыр. Аталған гидроэлектростанциялар толықтай іске қосылса «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына қосымша электр желілері тартылмақ. Болашақта электр қуатын молайтып, Қытай еліне электр энергиясын экспорттау жоспарлануда, — дейді аудан әкімінің баспсөз хатшысы Нұрбол Қанағат. Айтпақшы, Панфилов ауданындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 62,0 млрд теңгені құрап, арғы мерзіммен салыстырғанда 5,2 млрд теңгеге көбейіп отыр.
Талғар-ақпарат