Nur.kz порталының өкілдері Жетісу жеріне келді

Nur.kz порталының өкілдері Жетісу жеріне келді

Республикалық Nur.kz интернет-порталының өкілдері Жетісу өңірінің БАҚ қызметкерлері мен пресс-секретарларына және болашақ журналистерге арналған семинар-тренинг өткізді. Тәжірибе бөлісуге келген спикерлер– “Internet Portal Nur” ЖШС Бас директоры Қуат Бахридинов, Nur.kz-тің қазақ тілді редакциясының басшысы Гүльназ Әбдуали, Nur.kz порталының GR-департаментін дамыту ісі бойынша директоры Жәңгірхан Ғабдулин, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында “NUR.KZ: Ақпараттық порталынан IT-компаниясына дейінгі жол” және “XXI ғасыр: Казнет ақпараттық алаңындағы PR” тақырыптарында әңгіме өрбіді.

Nur.kz өз жұмысын 2009 жылы 4 наурызда бастады, ал бүгінгі күні ғаламтор желісіндегі ең танымал қазақстандық портал екені белгілі. Айына оқырмандар назарына 6 мыңнан аса материал ұсынылады. Әр 5-6 минут сайын сайттың жаңартылып отыруы күнделікті шолушылар қатарының өсуіне мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – Targeting, CEO, SMM секілді заманауи құралдарды пайдала отырып, қоғамды сапалы, қызықты ақпаратпен қамтамасыз етуге дайындық.

“Бұл шеберлік сағаты студенттерге де, пресс-секретарь, тілші, телеарна журналистері, баспа ісіндегі қызметкерлер секілді кәсіби мамандарға да пайдалы болмақ. Кез-келген пресс-релиздің өзін аудиторияға қызықты етіп ұсыну маңызды. Менің берер кеңесім: барынша көп оқып, ізденіс үстінде болу керек. Журналист – көп салалы мамандық болғандықтан,  әр дүниенің түп-тамырынан зерделеген жөн. Бастысы, өзіңе ұнайтын бағытта қызмет атқару. Себебі, қызығушылық – жұмысқа, жұмыс – табысқа жетелейді”, — деді Nur.kz редакциясының басшысы Гүлназ Әбдуали.

Айта кету керек, Nur.kz-те  30 адам қызмет атқарады. Бұдан бөлек порталдың Қазақтан бойынша 60 өңірлік тілшілері бар, оның ішінде 2 корреспондент Алматы облысынан.

 Талғар-ақпарат