Талдықорғанда 288 орынды жаңа заманауи жатақхана салынбақ

Талдықорғанда 288 орынды жаңа заманауи жатақхана салынбақ

Елбасының тапсырмасы аясында, жастарды қолдау мақсатында Талдықорғанда құрылысы аяқталмаған көпқабатты қонақ үй 280 орынды студенттер жатақханасына айналмақ, — деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанда 2022 жылға дейін 70 мың жаңа орынды жатақхана салу керектігін айтқан болатын.

 

Талдықорғанда, қазіргі таңда 1 университет пен 8 колледж студенттеріне баспана қажет. Осыған орай, 7 оқу орнына арналған жатақханалардың жобалық-сметалық құжаты дайындалды. Ендігі, 2020 жылға дейін Алматы облысында 2 000 студентке арналған 10 шақты жатақхана салынады деп жоспарлануда.

Жаңа жатақхана ғимараты қала орталығында орналасқан. Оның жанында қалалық жағажай, сауда орталықтары, Қаратал өзенінің жағалауы, Орталық саябақ, Ардагерлер саябағы және тағыда басқа нысандар орналасқан.

Болашақ жатақхана тұрғындары үшін барлық қажетті жағдайлар жасалынбақ. Яғни, ғимараттың бірінші қабатында кітапхана, асхана, миникинозал, изоляторы бар медициналық пункт және жеке шеберханалар ашылмақ.

Облыстық құрылыс басқармасының тұрғын үй және инженерлік желілер бөлімінің басшысы Саида Дарменовтың айтуынша, бұл құрылыс нысаны қауіпсіздік ережелерінің барық жақтары ескеріле отырып заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

«Өткен жылдың соңында бұл жоба мемлекеттік сараптаманың оң бағасын алды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарына мемлекеттік сатып алулар жарияланды. Сапалы құрылыс үшін заманауи әрлеу және құрылыс материалдары қолданылатын болады», — деді ол.

Айта кету керек, бұдан бөлек Талдықорған колледж студенттеріне арналған жатақхана құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі.

Талғар-ақпарат