Облыс бойынша 2018 жылдың 11-ші айынан бастап, бүгінгі күнге дейін қызылша жұқпасының алғашқы белгілерімен 39 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 35 бала тіркелген, – деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш тіркелген 35 науқастар зертханалық тексеруден өтіп, нәтижесінде 17 адамға нақты диагноз қойылған. Оның 6-ы жасына сәйкес егілмеген 1 жасқа дейінгі балалар болса, 3-не денсаулық жағдайы бойынша егуде медициналық шектеу қойылған, 2-уі екпеден бас тартқандар болып отыр.
“Қызылша ауыруының алғашқы белгілерімен тіркелген науқастардың барлығына медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, олармен қарым – қатынаста болған 932 адам анықталып, оларға тексеру жүргізілді. Жұқпа ошақтарында эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша, 76 адам иммундаумен қамтып және ауыруға қарсы шаралар жалғасуда”, — деді ҚР денсаулық сақтау Министрлігі қоғамдық денсаулықты қорғау Комитеті бойынша Алматы облысының департамент басшысы Ерғали Сыдыманов.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі күні инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолы — вакцинация. Екпе салудың Ұлттық күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцинация 12 айда және 6 жаста қайталап жүргізіледі. Қалыптасқан иммунитет сырқаттанудан қорғайды немесе сырқаттанған жағдайда аурудың асқынусыз жеңіл түрде өтуін қамтамасыз етеді. Бұл вакцинация Сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылатынын ескерген жөн.
Айта кету керек, 2016-2017 жылғы кезеңдермен салыстырғанда тіркелген науқастар саны биыл көбірек. Сондықтан, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дерттің асқынбауын қадағалау шаралары жүргізілуде.
Талғар-ақпарат