Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі 2018 жылы атқарған жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға аталмыш кеңес төрағасы Баниямин Файзулин мен кеңес мүшесі, облыс бойынша адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Данипа Әділбекова қатысты. Кеңес 2014 жылы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін тиімді және жүйелі шешу үшін құрылған.
— Өткен жылы кеңестің 8 отырысы өтіп, онда 25 мәселе қаралды. Олардың шамамен 70 пайызы бизнес пайдасына шешілді, қалғаны қаралуда. Кәсіпкерлер құқығын бұзған 3 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, – деді Баниямин Жихангерұлы. Спикердің сөзінше, кәсіпкерлер өтінішінің басым бөлігі жер қатынастары мен мемлекеттік органдар әрекетіне шағым жасаумен байланысты. Кеңестің тиімді қызмет етуіне түрлі саладан келген сарапшылар ықпал етеді.
— Кеңес жүйелі мәселелермен бірге жеке сұрақтарды, шағын бизнесті қолдау мәселелерін зерттейді. Кәсіпкерлер палатасына келетін өтініш, жеке кәсіпкер не шаруа қожалығы немесе ірі кәсіпкерлік субъектісінен болсын, кез келген арыз-шағым жіті зерттеліп, сараптамадан өтеді. Егер мәселені заң тұрғысында шешу қажет болса, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданады, – деді Данипа Медетқызы.
Биыл аталмыш кеңес аудандардағы қызметін күшейтіп, көшпелі отырыс өткізуді жоспарлап отыр.
Талғар-ақпарат